Энергетика нысандарын қамтамасыз ету мақсатында 5,5 миллион тонна көмір мен 100 мың тонна мазут қоры дайындалған.
Мемлекет басшысы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевті қабылдады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алмасадам Сәтқалиев президентке энергетика саласын дамытудың негізгі мәселелері мен еліміздің отын-энергетика кешенінің биылғы 10 айдағы көрсеткіштері, сондай-ақ мұнай-газ және энергетика бағыттарындағы ірі жобалардың жүзеге асырылуы жөнінде мәлімет берді.
Аталған кезең ішінде Қазақстандағы мұнай өндіру көлемі 74,8 миллион тоннаны, ал мұнай өнімдерінің өндірісі 11,2 миллион тоннаны құрағанын жеткізді. Сонымен қатар 48,7 миллиард текше метр газ, 93,5 миллиард кВт/cағ электр қуаты және 15,35 мың тонна уран өндірілгенін айтты.
Ұлттық электр желісін дамыту үшін атқарылып жатқан шаралар, биыл маусым айында іске қосылған электр энергиясын нарықта сатудың жаңа механизмі жөнінде баяндады.
Қысқы жылыту маусымы қалыпты өту үшін қосымша бақылау орнатылғаны туралы ақпарат берді. Атап айтқанда, энергетика нысандарын қамтамасыз ету мақсатында 5,5 миллион тонна көмір мен 100 мың тонна мазут қоры дайындалған.
Ведомствоның ел аймақтарына одан әрі газ құбырын тарту жоспарын таныстырды.
Президент жылыту маусымының барысын және энергетика инфрақұрылымын жаңғырту жобаларының іске асырылуын айрықша бақылауда ұстауды, сондай-ақ ішкі нарықты жанар-жағармаймен және сұйытылған мұнай газымен үздіксіз қамтамасыз ету шараларын қабылдауды тапсырды.