Басылымның бас редакторы, академик-ғалым Асқар Жұмаділдаев.
Астанада «Әл-Жәбрдің атасы» деген атпен ғылыми-танымдық журналдың тұсауы кесілді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
24.kz мәліметінше, журналдың алғашқы саны 2,5 мың данамен тарап отыр. Алдағы уақытта тек қазақ тілінде ғана емес, өзбек, қырғыз тілдерінде де жарыққа шығуы мүмкін. Себебі, Орталық Азия елдерінде балаларға арналған ғылыми-танымдық журнал тапшы.
Басылымның бас редакторы, академик-ғалым Асқар Жұмаділдаев "Әл-жәбір" дегеніміз алгебра болса, оның негізін қалаушы, осыдан 1200 жыл бұрын Арал теңізі маңында өмір сүрген ғұлама Әл-Хорезми, дейді.
Сонда Орта Азиядан шыққан біздің ұлы атамыз әлемдік өркениеттің басында тұрған кісі ғой. Көрдіңіз бе, алгоритм деген ұғымның өзі, бүгінгі сенің компьютерің, информотехнологияң, бүгінгі сенің биг датаң, бәрі де сол алгоритмге негізделген, Әл-Хорезмидің атына. Аз ба? Аз емес, Әл-жәбри деген алгебра деген сөз. Бірақ бұл бүгін өте дамыған терең ғылым. Сондықтан Әл-жәбридің атасы деген сөз, біз үшін үлкен абырой, дейді физика-математика ғылымдарының докторы, академик Асқар Жұмаділдаев.
Журналдың негізгі мақсаты - жасөспірімдердің ғылымға деген құштарлығын оятып, білімге, өркениетке баулу. Сондықтан, басымдық математика ғылымына, технологияның заманауи жетістіктеріне бағытталған. Журнал екі айда бір шығып тұрады.
Сонымен қатар, басылым «Ұлы тұлғалар», «Ғылым қазығы», «Тісбасар», «Маман бол», «Қатені тап» және басқа қызықты айдарлар арқылы қалың оқырман назарын аудармақ.