19.11.2023, 22:30

Салтанат Нүкенованың туыстары Үндеу жариялады

Фото: instagram.com/aitym

«Салтанаттың қазасы әлсіз адамдарға жасалатын әлімжеттікке қарсы күрестің символына айналды».

Марқұм Салтанат Нүкенованың туыстары әлеуметтік желі арқылы көпшілікке үндеу жолдады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Аталған үндеуде Нүкеновтер отбасы қазақстан халқына алғыс айтып, Салтанаттың қазасы әлімжеттікке қарсы күрестің символына айналғанын айтып өткен. 

Қызымыз Салтанаттың айуандықпен өлтірілуіне байланысты көңіл білдіргендеріңізге шын жүректен алғысымызды айтамыз. Сіздердің жазған қолдау пікірлеріңізді, шалған қоңырауларыңызды, хабарламаларыңызды, білдірген көңілдеріңізді көріп отырмыз. Біз зорлық-зомбылық пен адам өліміне төзбейтін қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан осы оқиға республика тұрғандарын дүр сілкіндірді. Салтанаттың қазасы әлсіз адамдарға жасалатын әлімжеттікке қарсы күрестің символына айналды.

Сонымен қатар, қара жамылған отбасы Бишімбаевтар отбасын кешірмейтінін айтқан.

Марқұм қызымыздың топырағы суымай жатып, әлеуметтік желілерде әртүрлі алып қашпа әңгімелер мен өсектер тарай бастағаны жанымызға қатты батты. Кейбір журналистер мен блогерлер осы оқиғадан өздеріне арзан абырой мен жалған атақ жинауға көшіпті. Осыған байланысты біздің әулетті қандықол қылмыскердің туыстарымен ымыраға келіпті деген қанқу сөздерде пайда болыпты. Бірақ бұл шыңдыққа сәйкес келмейді. Біз ешкімді кешірген жоқпыз.

Сондай-ақ, олар осы қылмысқа қатысты қандай да бір айғақ, ақпараттар болса, бөлісуді сұрайды.

Аса қатігездікпен жасалған бұл қылмыстық істі жеке бақылауына алған ел Президентіне ерекше алғысымызды білдіреміз.

Бүгінгі күні тергеу органдары тарапынан қылмысты ашу бойынша кешенді шаралар жүргізілуде. Президенттің пәрменімен бұл оқиға ерекше тергелетін іс болып тіркелді. Қазіргі уақытта сол түнгі қылмыстың қалай өрбігені бүге-шігесіне дейін нақтылануда. Біз осы қылмыстың куәгерлері бар және олар қылмысты ашуға көмектеседі деп сенеміз. Егер қандай да бір осы қылмыс туралы ақпараттар мен айғақтарды білсеңіз полицияға немесе біздің қорғаушыларымыз: И О. Вранчев және Ж.М. Оразбақоваға хабарласуыңызды сұраймыз.

Егер сіздің қылмыстық іске қатысты маңызды ақпаратыңыз болса, бірақ жеке басыңыздың қауіпсіздігі үшін секеміңіз болса, сізге заң жүзінде мемлекет тарапынан қорғау кепілдігі болады, делінген хабарламада.