$ 443.35  475.54  4.82

Қазақ футболы үшін тарихи күн: Словения-Қазақстан матчына дайындық қалай жүріп жатыр

Қазақстан құрамасы алғаш рет футболдан Еуропа чемпионатына шыға алады.

Фото: Виктор Федюнин
Фото: Виктор Федюнин

Қазақ футболы үшін тарихи күн. Қазақстан құрамасы алғаш рет футболдан Еуропа чемпионатына шыға алады. Ол үшін бүгін Словенияда өтетін шешуші мачта жеңіске жетуі керек. Магомед Адиев баптайтын жігіттер қазір жарыс алаңында соңғы дайындықты пысықтап жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Қазақстан мен Словения арасындағы Еуропа чемпионатына іріктеу Любляна қаласындағы Стодже аренада болады. Бұнда 16 мыңға жуық адам сияды. Айта кету керек, екі ел арасында 5 сағат айырмашылық бар. Климатта да өзгеріс бар. Сондықтан ойыншылар Қазақстан мен Сан-Марино арасындағы мачтан кейін бірден осы жерден табылды. Және шешуші кездесудің алдында, яғни бір күн бұрын бас бапкер Магомед Адиев және ұлттық команда ойыншыларының қатысуымен арнайы баспасөз мәслихаты өтті, деп жазды Хабар 24.

Қазақстан футболшылары биыл біраз күтпеген нәтиже тіркеп, сенсациялық жеңістерге жетті. Сәйкесінше, бұл жолы да көпшілік соның жалғасқанын қалайды. Бас бапкер Магомед Адиев болса, бұл жауапкершілікті жақсы түсінеді. Баспасөз мәслихатында барынша салмақты сөйледі. Алдағы ойынға нақты жоспар барын және жігіттер оны орындауда аянып қалмайтынын қадап айтты.

Ұлттық командамыз тас-түйін дайын. Әр ойыншы өз тапсырмасын біледі. Қарсылас осал емес. Оны тыңғылықты зерттедік. Алғашқы ойындағы түйгендеріміз бар. Сондықтан, барымызды саламыз. Бізге тек жеңіс керек. Ешкім аянып қалмасы анық, - дейді Ұлттық құраманың бас бапкері Магомед Адиев.

Қазақстан құрамасына жеңіс ауадай қажет. Егер қарсыласқа есе жіберсек, тіпті, тең түссек те арманымыз көкке ұшайын деп тұр. Сондықтан, жігіттер ауызбіршілік танытып, бір командаға емес, бір отбасына айналуымыз қажет дейді.

Бапкер айтқандай біз ұжым ретінде мықтымыз. Сондықтан, ертең қай ойыншы шықса да, ең бастысы бар күшін салып, жанын беріп, соныңа дейін ойнап, өзінің ең сәтті өнерлерін көрсетеді деп сенемін, - деді Ұлттық құрама ойыншысы Бағдат Қайыров.

 Өкінішке орай командада жарақат алғандар бар. Олардың жоқтығы білінетіні анық. Бірақ қалған жігіттерге, әсіресе, жас буын өкілдеріне өз-өздерін дәлелдеп, есімдерін тарихта қалдыруға керемет мүмкіндік беріліп тұр.

Жалпы командада көңіл-күй өте керемет. Жарақат алған жігіттер бар. Бұл Бахтиер Зайнутдинов, Асхат Тағыберген, оған Бағдат Қайыров қосылды. Ал Михайл Габышов оның алдында жарақат алды. Бірақ ол ойыншылар ұлттық құрамада. Жігіттерге қолдау көрсетіп жатыр. Ертең енді жағадан шыққан жас ойыншыларға сенім артамыз, - деді ҚФФ президентінің кеңесшісі Ермұхамед Мәулен.

Алдағы матчқа Кәрі Құрлықтың түкпір-түкпірінен ағылып жатқан қазақ жанкүйерлері көп. Қазақстан мен Словения арасындағы матч елорда уақытымен 01:45-те басталады. Айта кетейік, Словения мен Қазақстан қазір Н тобының, сәйкесінше, екінші және үшінші орындарында. Араларын тек бір ұпай ғана бөліп тұр.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 3
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары