20.11.2023, 18:20

Джо Байден 81 жасқа толды

Фото: Chris Kleponis/Pool/CNP/Global Look Press

Джо Байден – АҚШ тарихындағы ең кәрі президент.

Америка президенті Джо Байден 81 жасқа толған туған күнін Ақ үйдің дәстүріне сай атап өтуде – бүгін Алғыс айту күні құрметіне күркетауықтарға рақымшылық жасалды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Дүйсенбі күні Алғыс айту күніне орай екі күркетауық Ақ үйге жеткізілді. Онда Д.Байден құстарды бұл мерекеде әлдекімнің кешкі асына айналу тағдырынан «құтқарды».

Фото: АР/Жаклин Мартин

Бұл дәстүр елде 1947 жылы бастау алған. Ол кезде Ұлттық күркетауық федерациясы АҚШ президенті Гарри Трумэнге Алғыс айту күніне орай алғаш рет күркетауықты сыйға тартты.

Күркетауық бұл мерекеде отбасылық кешкі астың басты тағамы саналып келді. Алайда 1980 жылдың соңына қарай бұл дәстүр әзілді рәсімге айналды. Оның барысында күркетауыққа Алғыс айту күні құрметіне «кешірім» беріліп, өмір сүруге екінші мүмкіндік беріледі.

Джо Байден – АҚШ тарихындағы ең кәрі президент. Ол бүгін 81 жасқа толған туған күнін атап өтуде. 2021 жылдың 20 қаңтарынан Американың іс басындағы президенті.

36 жыл бойы АҚШ сенатында Делавэр штатынан өкіл болды. Одан кейін – 2009-2017 жылдар аралығында (Барак Обама әкімшілігінде) 47-ші вице-президент қызметін атқарды.

Дереккөз: Кazinform