Фейк авторлары жыл соңына дейін әрбір қазақстандықтың картасына 150 мың теңгеден түсетінін нақтылайды.
Алаяқтар әлеуметтік желіде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың суретін пайдалана отырып, тағы бір фейк таратып жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.
Stopfake.kz мәліметінше, Facebook-те ҚР Президентінің суретін жүктей отырып, алаяқтар жалған ақпарат таратуда. Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан алаяқтар әрбір қазақстандыққа әлеуметтік төлем төлеуді уәде етеді.
Фейк авторлары жыл соңына дейін әрбір қазақстандықтың картасына 150 мың теңгеден түсетінін нақтылайды. Мұнысы анық болуы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевтың суретін де жазбада пайдаланады. Алайда Қазақстанның мемлекеттік органдарының сайттарында, оның ішінде ҚР Президентінің akorda.kz сайтында мұндай төлемдер туралы ресми ақпарат жоқ. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында да хабарланбады.
Аталған ақпаратты жариялаған "Өтемақы орталығы" деп аталатын аккаунтта фейк парақшаның барлық белгілері байқалады. Профильде келтірілген мәліметтерде +52 коды бар байланыс телефоны жазылған, бұл Мексиканың коды. Ал суретке Қазақстанның елтаңбасы қойылған. Бірақ жарияланымдар лентасында оның орнында бұрын Беларусь Республикасының елтаңбасы болғанын көруге болады. Бұл киберқылмыскерлердің әрекеті, деп нақтылайды Stopfake.kz."Өтемақы орталығы" арқылы өтемақы төлеу – бұл ескі алаяқтық схема, ҚР мемлекеттік техникалық қызметінің KZ-CERT сарапшылары ол туралы 2020 жылы қазақстандықтарға ескерткен болатын. Демек, таралған ақпаратқа сенбеген жөн.