Нәтижесінде өрттен он бала құтқарылып, елуге жуық адам эвакуацияланады.
Құтқару қызметінде жүргендер күн сайын көзсіз ерлікке барып, өз өмірлерін қатерге тігеді. Оларды бейбіт күннің батырлары деп айтсақ та болады. Дегенмен, көп жағдайда ерліктері еленбей, есімдері аталмай қалып жатады. Осы орайда Skifnews.kz ақпарат порталы бүгінгі материалында қағылез құтқарушылардың қызметте жүріп жасаған ерліктеріне тоқталмақ.
Жамбыл облысына қарасты ТЖД құтқару бөлімшесінің басшысы әрі құтқарушысы Ернұр Архабаев азаматтық қорғау саласында жиырма жылдай қызмет атқарады. Жиырма жылдық қызметінде Ернұр Архабаев халықтың алғысына шомылып жүр. Мәселен, өткен жазда Талас өзенінің бойында төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында іс-шара жүргізіледі. Осы кезде төтеншеліктер өзенге батып бара жатқан баланы байқап қалады. Керек кезде керек жерден табыла қалған олар бір баланы өлімнен арашалап қалады. Суға шомылып жүрген баланы жақындары да байқамай қалған. Қатты ағысқа қарамастан суға секірген баланы аман шығарғанымен ол көп мөлшерде су жұтып үлгерген екен. Осы кезде көп жылдық тәжірибесінің арқасында Ернұр Архабаев дәрігерлер жеткенше балаға алғашқы көмек көрсетіп, дем алуын қалыпқа келтіреді.
Қызылорда қаласының құтқарушылары қоржынында да мақтануға тұрарлық нәтижелер бар. 2006 жылдан бері сүңгуірлік құтқару саласында қызмет еткен Әлжанов Бағдат Ибрагимұлы сегіз жылдан бері сүңгуірлік-құтқару бөлімінің бас құтқарушысы. Әлжанов Бағдат та жамбылдық әріптесі секілді оқу-жаттығу кезінде жүз метрлік жердегі тіке жардан қарт кісінің құлап кеткенін байқайды. Әріптесімен бірлесе отырып жүргізген жұмыстың нәтежиесінде 80 жастағы кейуананың өмірін аман алып қалады.
Оған үздік қызметі үшін бұған дейін «Төтенше жағдайлар жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төс белгісі (2011 жылы), «ҚР ТЖМ Алғыс хаты» (2013 жылы), «ҚР ІІМ ТЖК Грамотасы» (2015 жылы), «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медалі (2016 жылы), «Қазақстан полициясына 25 жыл» төс белгісі (2017 жылы), «Құтқарушы» ІІІ дәрежелі төс белгісі (2018 жылы), «ҚР ІІМ ТЖК Алғыс хаты (2019 жылы), «Құтқарушы» ІІ дәрежелі төс белгісі (2020 жылы) және көптеген ведомстволық наградалар табысталған, - дейді ТЖМ баспасөз қызметі.
Бүгінгі күннің батыры деп айтуға болатын тағы бір құтқарушы ақтөбелік – Мұқан Әмір. Ол Төтенше жағдайлар департаментінде 17 жылдан бері еңбек етеді. Ол өз еңбек жолын қарапайым өрт сөндірушіден бастаған. Бүгінде бірнеше құтқару жұмыстарын нәтижелі атқарған. Ақтөбе қаласындағы Түргенев көшесінде орналасқан пәтерлердің бірінен өрт шыққанда Мұқан Әмір бастаған құтқару тобы өрт болған жерге дер кезінде барып өз жұмыстарын атқарады. Нәтижесінде өрттен он бала құтқарылып, елуге жуық адам эвакуацияланады. Осы ерлігінің арқасында Мұқан Әмір Ақтөбе облысы әкімінің атынан алғыс хат марапатын да алған. Әкімдік тарапынан құтқарушылар еңбегінің бағалануы жан жадыратарлық іс.
Қызметке кіріскеніне көп болмаса да ерлік жасап үлгерген құтқарушылар да жоқ емес. Солардың бірі Алматы облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының құтқарушысы – Қуаныш Қайыржанұлы. Ол құтқарушылар қатарына 2021 жылы қосылған. Небәрі екі жылдың ішінде «Ерлігі үшін» медалімен марапатталып үлгерген. Өйткені бір өзі екі бірдей адамды ажалдан арашалап қалған. Қапшағай су қоймасын моторлы қайықпен бақылау кезінде Қуаныш батып бара жатқан қыз бен оны құтқармақшы болып суға секірген жігітті көзі шалып қалады. Ол ойланбастан суға секіріп шектеу қалытқыларынан асып кеткен жастарды құтқарып қалады.
Жалғасы бар...