02.12.2023, 22:30

Оралдық тұрғындар бес күннен бері жылусыз отыр

Фото: Pixabay

Тоғыз қабатты бір үйдің өзінде 156 отбасы тұрып жатыр.

Оралда көпқабатты бес үйдің тұрғындары 5 күн бойы жылусыз отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап. 

Айтуларынша, жылу тарататын кәсіпорын халыққа жылу беруді тоқтатып тастаған. Кейін осы көшедегі тағы үш үй мен Қамбар батыр көшесіндегі бір үйде жылу жоқ екені анықталды. Тоғыз қабатты бір үйдің өзінде 156 отбасы тұрып жатыр. Тұрғындар полиция шақырып, шағым түсірді.

Жылу таратушы кәсіпорын өкілі құбырға ысырма орнатып, тұрғын үйге жылу беруді азайтқандарын мойындады. Өйткені, бұл үйге жылу берсе, басқа үйлер зардап шегетін көрінеді.

Мөңкеұлы 83/2-ші үйде үлкен екі насос тұр. Оларды қосса, қасындағы басқа үйлерге жылу жетпейді. Сондықтан осы үйге жылу беруді шектеп, құбырға қондырғы қойдық. Енді қосымша құбыр жалғап, кішкентай сорғы қойып, жағдайды қалпына келтіреміз, деді «Жайық жылу қуат» АҚ бас директорының орынбасары Бекболат Камешев.