Мұстафа Қазақстанға келген соң үйімде қонақта болып жүрді. Інімдей көрдім.
ҚР Парламент мәжілісінің бұрынғы алты мәрте депутаты Серік Әбдірахманов атақты Мұстафа Өзтүрікпен қалай танысқаны, оның Қазақстанға келгені туралы оқиғаны еске түсірді. Айтуынша, танымал спорт шеберін Қазақстанға өзі шақырған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы экс-шенеунік «Qasqa Jol» ютуб-каналына берген сұхбатында айтты.
Мұстафа Өзтүрікті Алматыға шақырған мен едім. 90 жылы Заманбектің жанына келіп бір спорт жарыстарына Германияға бардық. Мюнхеннің жанындағы қалада өтті. Мұстафа Өзтүрікті Қазақстанға әкелген мен. Хабар алдым. «Осындай-осындай спортшы Мюнхеннің орталығында спортпен айналысады екен, аты шыққан, дүркіреген қара белбеу деп. Сөйтсем, сол жарыстардың арасында ебін тауып, көлік тауып Мюнхенге барып, жарыс кезінде Мұстафаның залына бардық. Залын да көрсетті. «Керемет орталық» деді. Өзінің әлгі бір қытайша, немісше таэквондо деген жазуы бар екен. Сол жерге барып, киініп алды. «Ей, бір өнеріңді көрсет» дедім. Сол жерде спорттық жаттығу құралдарын соғып, аяғымен теуіп өнерін көрсетті. Өзі бір ылғи жүзінен күлкі кетпей жүретін жігіт еді. Сонда танысып, шай іштік. Жанында ағасы бар екен. Хафиз Өмер деген. Оның үйіне барып, қонақта болып, түнімен әңгімелесіп, содан Мұстафаны керемет жақсы көріп қалдым. «Сен кел, қай уақытта өзіңе ыңғайлы? Барлық шығыныңды өзіміз мойнымызға аламыз» дедім. Қазақстанға келген соң, ол туралы Заманбекке айттым, – деді экс-депутат.
Оның айтуынша, өзінің ұсынысын Заманбек қолдай жөнелген.
Енді Заманбек ұлтшыл азамат қой. Ол бірден қолдады. Мұстафа Қазақстанға келген соң үйімде қонақта болып жүрді. Кейін анасы, баласы келді. Өте жақсы көріп кеттім. Өз інімдей көрдім. Жанымда жүрді, – деді Серік Әбдірахманов өткен шақты еске алып.
Айта кетейік, Мұстафа Өзтүрік – елгілі спортшы, таэквондодан қара белбеу 6 дан иегері, ҚР таеквондо (WTF) федерациясының негізін қалаушы, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы. Германияның Кельн, Мюнхен және Түркияның Стамбұл қалаларында өзінің таэквондо мектебін ашқан. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Алматыға келіп, таэквондо мектебін ашты. Белгісіз жағдайда қазаға ұшырап, денесі Стамбұл қаласында жерленді. 2000 жылы Алматы қаласында Өзтүрік Мұстафа атына көше беріліп, ескерткіш белгі қойылды. 2004 жылы Өзтүрік Мұстафаның 50 жасқа толған мерейтойы қарсаңында Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылында ескерткіші ашылды.