Жәбірленуші жедел жәрдем көлігінде қайтыс болды.
Ақтөбе облысы Мәртөк ауданындағы Қиялы шекара заставасында 22 жастағы Мәтжан Жанесенов көз жұмды. Оған әріптесі оқ атқан, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ақтөбе гарнизонының әскери прокуратурасының хабарлауынша, оқиға 2 желтоқсан күні болған.
ҚР ҰҚК Ақтөбе облысы бойынша шекара қызметі департаментінің «Қиялы» шекара заставасында келісімшарт бойынша еңбек ететін әскери қызметші әріптесімен жанжалдасып қалған. Содан кейін өзіне бекітілген қарудан оқ атқан. Жәбірленуші жедел жәрдем көлігінде қайтыс болды. Аталған факті бойынша Батыс өңірлік әскери тергеу басқармасының Ақтөбе бөлімі Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Қылмыстық іс бойынша күдікті ұсталды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүріп жатыр. Басқа мәліметтер ҚПК 201-бабына сәйкес жарияланбайды, — деп хабарлады Ақтөбе гарнизонының әскери прокуратурасы.
Айта кейік, Мәтжан Жанесенов — Ақтөбе облысы Байғанин ауданының тумасы.
Фото: Айгүл Жанесенқызы