09.12.2023, 17:30

Телевизия тарланы

Фото: ашық дереккөз

«Орта жасқа келгенде білім алу ұят емес, білім алмау ұят» 

Бүгін белгілі тележурналист ҚР Мәдениет қайраткері Бейсен Құранбек-тің туған күні. Небәрі 49 жасында өмірден өткен азамат артына өшпес үлгі қалдырып кетті. Skifnews.kz   ақпарат порталы тележурналистің туған күніне орай әлеуметтік желіде өзі жазған жазбаларын оқырман назарына ұсынбақ. 

Тауға шығу қиын: төзім, жігер, күш, уақыт керек. Бірақ келесі шыңға көтерілу үшін қайта етекке түсуге тура келеді. Төменге түсу оңай, зу ете қаласың.

***

Өзгелерге «үйт-бүйт» деп ақыл айту оңай. Өмірде ең қиыны — өз кемшілігіңмен күресу, нәпсіңді ауыздықтап ұстау.

***

Орта жасқа келгенде білім алу ұят емес, білім алмау ұят,

Жар іздеу намыс емес, жалғыз өту намыс,

Өзіңді өзгерту әлсіздік емес, өзгерте алмау әлсіздік,

Ал өміріңді өзгертуге талпыныстың өзі — өміріңді өзгерту.

***

«Өмір — күрес» деп жиі айтамыз ғой. Бұл дүниедегі ең қастерлі күрес бала бақыты, бала тағдыры, бала денсаулығы үшін күрес болар. Бұл күрестің бір ғана жеңімпазы болады, ол – бала. Бұл күрестің ең үлкен олжасы – баланың бақытты өмірі.

***

Біреуді сынағың, айыптағың, жамандағың келіп тұрса, сол адамды жасына қарай өзіңнің әкең, бірге туған бауырың, қаны бір қарындасың, не балаң деп ойлап көр. Содан кейін төмпештей бер. Өйткені алдағыны бір Алла біледі. Сондай жағдай сенің жақыныңның басына келмесіне кім кепіл?!

***

Менің де жастықпен, мастықпен басқалар туралы ғайбат айтқан кездерім болған. Бірақ кейінгі 10 жылда өзіме ешкімді ЖАМАНДАМАУ, ЖАЗҒЫРМАУ, АЙЫПТАМАУды ұстаным етіп алдым. Өйткені өзімнің де, өзгелердің де періште емес екенін түсіндім. Әркім өз түсінігі, білімі, ақылы, тәрбиесі, пайдасы тұрғысынан әрекетет етінін ұқтым.

***

Түйенің қомында, аттың жалында жүріп, бес қаруы қолынан түспеген біздің бабалар мына өмірді БЕС КҮН ЖАЛҒАН дей салған. Содан ба, өміріміз өтірікке толы. Өтірік айтамыз. Өтірік мақтаймыз. Өтірік күлеміз. Өтірік құндылықтармен өмір сүреміз. Фонограмманы қосып қойып, ерінді жыбырлатып, өтірік ән айтамыз. Бұлардың бәрінің өтірік екенін білеміз. Білсек те өтірік білмегендей жүреміз. «Кемені қалай атасаң, солай жүзеді», — дейді. Мүмкін мына өмірді БЕС КҮН ШЫНДЫҚ деп айтармыз. Сонда бәрі өзгерер… Сіз қалай ойлайсыз?

***

Жамандық термеңдер. Біреуге тигізер пайдаң болмаса, зиян тигізбе. Тіптi біреу сені даттап жатса да қатты ашынба, ашуланба. Жалпы, өзгені сөз қылмаңдар, кектенбеңдер. Қажет болып жатса, ол адамға көмектесіп жіберiңдер. Барлық сәтте түңілуге емес, түсінуге тырысыңдар!

***

Бұлай теңеген дұрыс болмауы да мүмкін, бірақ маған футбол мен Ораза ұқсас сияқты көрініп кетті. Футбол – бәсеке, сын. Екі команда ұзақ уақыт дайындалады, жеңіс үшін жанын салады. Мұнда бақ деген көп роль атқара бермейді. Бабы келіскені ғана жеңеді. Жеңгені — барлық марапатты алады. Жеңілгені қалады.

Ораза да сын. Әр адамның кеудесіндегі Рух пен Нәпсінің айқасы. Көбіміздің бойымыздағы Рух 11 ай бойы ұйықтап жатады. Жаттықпаған, шынықпаған, тезге түспеген дүниенің бос, сылбыр тартатыны бар емес пе? Оның қарсыласы Нәпсі болса, жыл он екі ай бабында.

Әлімсақтан ең құдіретті күш болғанымен Рухтың кей кезде ұтылып жататыны осы себептен шығар…

***

Ел жақсы көрсе, сенен өзін көріп, саған сенгендіктен шығар?!

***

Тележүргізушінің табиғи болғаны бағы ғой. Одан жаман болмайды, бұған қанша рет көз жетті. Ал экранды «сэлфи» жасағандай өзіңе бұрып алсаң, бітті, ары қарай өзіңді «көрсетумен» айналысып кетесің. Елдің проблемасы да, жай-күйі де «қайтсем керемет көрінеміннің?» тасасында қалып қояды. Сосын дұрыс болмайды…

***

Өмір деген — Құдайдың түсірген киносы.

***

Неге екенін білмеймін, кешірім сұрағым келді. Қарбаласпен жүріп талай жақын адамымның, достардың, туыстардың, таныстардың көңілін қалдырдым. Қуанышына бара алмадым, қайғыда қасында бола алмадым, тіпті туған күндерінде қанша адамға телефон да шалмадым… Қазір ойлап отырсам, соның бәрінде өзімді «жұмыстан қол босамай жатыр ғой» деп ақтап алыппын. Көңіл дейтін өте нәзік, адам деген өте қымбат, өмір деген өте қысқа дүние екенін ұмыта жаздаппын…

***

Жастарға: БАР! ТЫҢДА! ТОҚЫ!

Кейде мықты маманның бір ауыз сөзі бүкіл өміріңе азық болады.

***

Былтыр көкеміз сырқаттанып, қорқытқан еді. Енді тәтем ауырыңқырап жүр. Жүрегі екен… «Жігітіңіздің денсаулығын уайымдап, ауырғансыз ғой», — деймін көңілін көтермек болып. Іштей бұл жолы жеңіл-желпі дүние емес екенін сезіп тұрсам да… Жүректі сақтайықшы. Өзіміздікін де, өзгенікін де…

***

«Қарекетке» жаңадан келген жастарға бірден «ЖҰМЫСТАҒЫ ЖЕТІ АТАМЫЗДЫ» түсіндіреміз. Оның бірі – Дінмұхамед Қонаев атамыз. Ол кісінің ұрпаққа үлгі болар керемет қасиеті көп қой. Біз кішіпейілділігі мен ізеттілігін таңдап алдық. Кәдімгідей көмектеседі. Өзім де кейде іштей көтеріліп бара жатқанымды сезсем, бірден көз алдыма Димаш атам келеді. «Әй, батыр! Мұның не?» — деп тұрғандай көрінеді. Дереу басыламын.

Журналист қызметімізге байланысты күнде жүздеген адам хабарласады. Біреу үй алуына көмектесуді сұрайды. Біреуге денсаулығына байланысты квота керек, соның жолын білгісі келеді. Енді бірі өз мәселесін көтеріп, хабарға шыққысы келеді. «Көре, көре, көсем, сөйлей, сөйлей, шешен боласың» дегендей тыңдайтыңдай маман болып аласың. «А» деп ауыз ашқаннан проблемасының түп-төркінін, оны кімнің шеше алатынын, қайда баруы қажет екенін біліп тұрасың. Уақытың тығыз болса да соның жолын сілтейсің. Керек телефон нөмірін жылдам тауып бересің, мекенжайын, жолын айтасың.

Адам болған соң аласы да құласы да кездеседі. Оныңды қанағат тұтпай, не айтқаныңды ұқпай, жарты сағат жағаңнан жібермей тұрып алатындар да болады. Бірақ олардың бірде-біріне артық сөз айта алмаймыз. Өйткені соншама биікке көтерілсе де, алдына келген үлкенге де, кішіге де кішіпейілдік пен қарапайымдылықтың үлгісін көрсетіп кеткен Димаш атадан әулие емес екенімізді жақсы білеміз…

***

Ұстазым жиі айтатын: «Бұл өмірде ақшадан да, биліктен де құдіретті дүние бар. Ол — ниеттің, тілектің, батаның күші», — деп. Осы сөз рас екен.

***

Ұйқы тыныш, тәбетің жақсы боп, ертеңгісін еш жерің ауырмай оянудың өзі — жарты бақыт.

***

Біреуден ЕКЕУ,

Екеуден ҮШЕУ,

Үшеуден ТӨРТ,

Төрттен КӨП жақсы.

Көптің бірлігі болса, тіпті керемет.

***

Өмірдің өлшемі – өлім! Кімнің кім екені өлгенде белгілі болады.