14.12.2023, 21:30

Елімізде қолайсыз ауа райына байланысты 24 жол учаскесі жабылды

Фото: ТЖМ

Құтқару жұмыстары қатты желмен, нөлдік көрінумен және қардың биіктігі 1 метрге дейін қиындайды.

Температураның төмендеуіне, көктайғақ пен боранға байланысты бес өңірде республикалық маңызы бар тас жолдардың 9 учаскесінде және облыстық маңызы бар тас жолдардың 15 учаскесінде көлік құралдарының барлық түрлері үшін қозғалысқа тыйым салынды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Cондай-ақ 5 өңірде дизель отынымен жүретін жүк және жолаушылар көліктері үшін қозғалысқа шектеу енгізілді.

Құтқару жұмыстары қатты желмен, нөлдік көрінумен және қардың биіктігі 1 метрге дейін қиындайды,- делінген ҚР ТЖМ баспасөз қызметі хабарламасында.

Жамбыл облысында "Алматы-Ташкент-Термез" республикалық маңызы бар автожол учаскесінде жол қызметтері жолды қалың қардан тазарту жұмыстарын жүргізуде.

Тараз қаласынан Шымкентке қарай бет алған 570 автокөлік, Қордай асуында 50 бірлік, Благовещенкада 200 көлік жол бойында қалып кеткен.  392 адам, оның ішінде 12 бала құтқарылды. Қар құрсауында қалып кеткен 50-ге жуық автокөлік шығарылды.

Қордай ауданында Қайнар және Кенен ауылдарының жылыту пункттеріне жеткізілген 165 адам құтқарылды.