$ 494.87  520.65  4.91

Қазақстанда Яндекс Таксиге жаңа талап қойылды

Яндекс Такси монополияға қарсы органға ақпарат бермегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

Фото: Pixabay
Фото: Pixabay

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Яндекс Таксиге қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды  Skifnews.kz  ақпарат порталы.

Ведомство ақпараты бойынша, тергеп-тексерудің қорытындысы бойынша компания бақылау-кассалық машиналардың бағдарламалық қамтамасыз етуін техникалық қолдау қызметтерін жүктеуде көрсетілген таксопарктердің экономикалық қызметін үйлестіргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Яндекс Такси монополияға қарсы органға ақпарат бермегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

Сондай-ақ агенттік пен Яндекс Такси монополияға қарсы өзара мәмілеге келіп, мынадай шаралар кешенін іске асыруды көздейді:

- жүргізушілер үшін еңбекақыны арттыру шартының бірі ретінде, егер тапсырыс жол жүру ақысының базалық құнынан екі есеге асатын болса, биыл 14 желтоқсаннан бастап Яндекс комиссиясын өндіріп алуды тоқтататын болды (экономикалық әсері жылына шамамен 2 млрд теңге);

- жүргізушілер үшін қосымша бонустық бағдарлама енгізу (2024 жылы сала айналымы мен инфляцияның өсуіне байланысты 7-10 млрд теңгеге жетеді);

- тарифті қалыптастырудың ашықтығын арттыру мақсатында тарифті не үшін көтергені және қандай өзгеріс болғаны туралы негіздеме келтіре отыра, пайдаланушы қосымшасын жақсарту.

- жолаушылар үшін жаңартылған "Бірге" тарифі енгізіледі, ол тіпті ең жоғары сұраныс болып тұрғанның өзінде, төмен бағамен таксиге тапсырыс беруге мүмкіндік береді (тарифті х2-ге дейін көтеруге шектеулер);

- агрегатор такси қызметтеріне ең жоғары сұраныс жағдайында, мысалы, ауа-райының қолайсыздығында немесе мереке күндері х3-тен жоғары тарифті көтеруге шектеулер енгізеді - тоқсанына аталмыш деңгейден жоғары сапарлардың саны 5 пайыздан аспайтын болады;

- баламен жүретін жолаушылар үшін "балалар" тарифі енгізіледі, ол балалар орны немесе бустері бар автокөлікті шақыруға мүмкіндік береді.

Такси жүргізушілерімен тиімді қарым-қатынас жасау үшін әрі клиенттермен байланыста болу мақсатында Call-орталықта оператор жұмыс істейтін болады.

Сонымен қатар жолаушылар мен жүргізушілердің мүддесін қорғау мақсатында жүйелі шара қабылданды.

Агенттік заңнамаға түзетулер енгізуге бастамашылық жасады, бұл көлік жүргізушілеріне Яндекс-пен таксопарксіз тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік береді (таксопарктер комиссиясы - 4-8 пайыз), - делінген хабарламада.

Ведомство мәліметіне сүйенсек, Яндекс бағдарламалық қамтамасыз етуді, баға белгілеуге әсер ететін факторларды (ауа райы жағдайлары, мереке күндері, сұраныстың артуы, жүргізушілердің болмауы және т.б.) егжей-тегжейлі зерделеу үшін IT саласындағы тәуелсіз аудиторлық компания Агенттікпен, Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп алгоритмдік баға белгілеу аудитін жүргізеді.

Агенттік жанындағы арнайы мониторинг тобы Яндекс монополияға қарсы мәміле шеңберінде тиісті міндеттемелерін орындауын бақылайтын болады.

Оның құрамына кәсіби қоғамдастықтардың сарапшылары (бастамашыл топтардың, көлік, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, әділет, цифрлық даму және инновациялар министрліктерінің, сондай-ақ таксопарктер қауымдастығының өкілдері) кіреді. Бұл туындауы мүмкін сын-қатерлерді алдын ала анықтауға мүмкіндік береді.

Оған қоса агенттік өкілі алдағы уақытта бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу дерегі анықталған жағдайда ведомство заңнамада белгіленген тиісті шараларды қолданатынын атап өтті. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары