Олардың 70-80 пайызы еңбекке қабілетті жаста әрі көбі білікті мамандар.
Қазақстаннан жылына 20 мың адам шетелге көшіп кетеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы 24.kz-ке сілтеме жасап.
Елден шетелге кететіндердің көбі білікті маман. Өйткені іскер адам ол жаққа да қажет. Олардың біразы ғылым іздесе, енді бірі әлеуметтік жағдайын жақсартуға ниетті. Ғылым қуғандар түбі жиған білімді, тәжірибемізді елге әкелеміз дейді. Ол да жөн. Ал сарапшылар мұндай көштің қай елде де болатынын айтады. Әңгіменің төркіні, одан ешқандай астар іздеудің қажеті жоқ дегенге саяды. Кез келген елдің дамуы адами капиталының әлеуетімен тікелей байланысты. Соның ішінде саннан гөрі сапаға басымдық берілгені жөн, дейді мамандар. Халықаралық білім жүйесі десек, алдымен «Болашақ» бағдарламасы еске түседі. 30 жыл ішінде бұл бастама арқылы 12 мыңнан астам адам шетелде оқыған. Оның 10 мыңға жуығы отандық еңбек нарығында тиісті мерзімде қызмет атқарған. Қалғаны шарттарды әлі орындап жатыр. Алайда келісімшарт талабын орындап болғандар мен жеке қаржы арқылы шетелде білім алған өзге кадрлардың біразы елден кетіп жатыр. Тәжірибе көрсеткендей, олар әлеуметтік, ғылыми және цифрлық әлеуеті жоғары орта іздейді. Ең бастысы, инновациялық бастамаларға қолдау күтеді екен. Сарапшылар білікті мамандарды өз еліміздің дамуына жұмылдыру үшін әрқайсына жан-жақты қолдау көрсету қажет екенін айтады. Жыл сайын елімізден кемінде 20 мыңнан астам адам көшіп кетсе, соның 70-80 пайызы еңбекке қабілетті жаста. Ал олардың қатарында жоғары білімділер жетерлік. Шетелде қызмет етіп жатқан отандық кадрлар сан саланың өкілдері. Демек елімізде ең алдымен әрбір салада еңбек ұжымын қолдау және цифрлық-технологиялық әлеуетті арттыру маңызды, дейді сарапшылар.