Екеуі қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. Сол күні мектептен шығып үйге қарай беттеген.
Алматыдағы автобус апатында қаза тапқан ерлі-зайыптыларды туыстары ақтық сапарға шығарып салды. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Марқұм Талап Қасымов пен жұбайы Гүлжахан Ырсымбаева мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріпті. Сол күні жұмыстан шығып, енді ғана үйіне бет алған кезі екен. Марқұм ерлі-зайыптылардың артында 4 баласы қалды. Екеуі әлі кәмілет жасына толмаған.
“Үнемі екеуі бірге жүретін еді, сол күні де екеуі ойында ештеңе жоқ, балалары үйде күтіп отырғанын біледі, асығып келе жатқан ғой. Жолда көлік тоқтатып тұрды. Тура қосақтасып екеуі. Балалары түсінбейді әлі, олар біз келгенімізге қонақ деп, жүгіріп ойнап жүр, ертен мына адамның бәрі кеткеннен соң, не деп жауап береміз? Мамасын сұраса, папасын сұраса, не деп айтамыз?”, – дейді туысы Гүлнәр Тұрсынбекова.
Ерлі-зайыптылар оқуға бірге түсіп, бірге аяқтаған. Жұмысқа да қол ұстасып бірге кіріпті. Екеуі қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. Сол күні мектептен шығып үйге қарай беттеген. Жол жиегіне тұрып, қала сыртына жүретін көлікті күткен. Ойламаған жерден автобустың астына түсіп ажал құшты.
Балаларының ең үлкені – 23, екіншісі – 18 жаста. Үшіншісі – 9-сынып оқушысы, ал кенжесінің жасы бесте. Артында шырылдап қалған олар тергеудің әділ жүріп, күдіктінің қатаң жазаға тартылуын талап етіп отыр.
“Артында балдары қалды ғой. Кішкентай баласының өзі 5-6 жаста. Ол күнде мамасын сұрап отыр. "Неге мектептен қайтпайды" дейді. "Мамам қашан келеді " деп отыр. Барынша өзінің жазасын алсын. Ол қылмыс қой барып тұрған! Бір адамды емесғ бірнеше адамды басып өткен. Келіп, тіпті кешірім сұрамаған адамдарға не деп айтамыз? Автобус паркінен де келмеді ғой, ешкім”, – дейді туысы Сүйінбай Оңғарбеков.
Қара жамылған отбасы автобус паркінен өтемақы төлеуді талап етеді.