Қадір Мырза Әли 2011 жылы 24 қаңтарда 76 жасқа толған шағында өмірден өтті.
Бүгін Қазақстанның халық жазушысы, ақын, Қазақстан Республикасының алғашқы Әнұранының сөзін жазған авторлардың бірі Қадыр Мырза Әли дүниеге келген күн, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қадыр Ғинаятұлы 1935 жылы 5 қаңтарда Орал облысының Жымпиты кентінде (БҚО, Сырым ауданы, Жымпиты ауылы) өмір есігін ашқан. 1958 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіріп, еңбек жолын «Балдырған» балалар журналында әдеби қызметкер болып бастаған. Кейін «Жұлдыз» журналында жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарып, 1968-1973 жылдары «Жазушы» баспасында қазақ поэзиясы бөлімінің меңгерушісі, «Балауса» баспасының редакторы болған. Бұл қызметінен кейін Қазақстан Жазушылар одағында поэзия секциясының кеңесшісі болып еңбек еткен.
Қадыр Мырза Әлиге 1966 жылы «Ой орманы» атты өлең жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолының сыйлығы беріледі. Арада 14 жыл өткеннен кейін ақынның «Жерұйық» атты жыр кітабы жарыққа шығып, отты да ойлы еңбегі үшін ақын Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанады.
Қадыр Мырза Әлидің тұңғыш өлеңі 1954 жылы республикалық «Пионер» балалар журналында жарық көрген. Ғұмыр бойы тынымсыз еңбек етіп, кейінгі буынға мол мұра қалдырған ақынның өлеңдері орыс, неміс, ағылшын, француз, фин, қырғыз, литва, татар, әзербайжан тілдеріне аударылған.
Орыс тілінде «Бессонница» (1967), «Белая юрта» (1968), «Соловьиный сад» (1971), «Степные пути» (1975), «Твой дом» (1976), «Верхная струна домбры» (1976), «Ладони» (1984), «Нижная струна домбры» (1985) және тағы басқа кітаптары жарыққа шықса, өзбек тілінде «Күміс қоңырау» (1975), қырғыз тілінде «Алақан» (1979), әзербайжан тілінде «Бұлбұл бағы» (1980), моңғол тілінде «Шымыр жаңғақ» секілді еңбектері әлемнің әдебиетсүйер қауымына жол тартты. Өмірінде жетпістен астам поэзиялық және прозалық, сондай-ақ әдеби-сын кітаптары жарық көріп, шығармалары мектеп оқулықтарына енді. Ақынның әнге арнап жазылған өлеңдерінің саны екі жүзден асады. Әнге жазылған өлеңдері де «Күндер-ай» атты жеке кітап болып басылып шықты.
Қадыр Мырза Әлидің еңбегі өлеңмен шектеліп қалған емес. Дарынды ақын халық фольклорының атақты кейіпкері Алдар көсе жайлы «Сақал саудасы», «Қасқыр қақпан» атты өткір сатиралы комедиясының авторы. Сондай-ақ, Қадыр Мырза Әлінің ұлт азаттығын аңсаған Махамбеттің ең соңғы күндеріне арналған «Жаралы жолбарыс» атты және «Әмір Темір» кесек драмалық шығармалары жарық көрді.
2001 жыл Қадыр Мырза Әли Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығына ие болды. 1993 жылы ақын әлемдік поэзияға қосқан аса зор еңбегі үшін Моңғолияның халықаралық «АВЬЯС» сыйлығын иеленді. Классик ақын Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне екі рет депутат болып та сайланған. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының мүшесі де болған.
«Ақындық шығар айыпты,
Әлі білмен себебін.
Өлеңге айтып қойыппын,
Өмірдің айтпа дегенін», - деп жырлаған ақын Қадір Мырза Әли 2011 жылы 24 қаңтарда 76 жасқа толған шағында өмірден өтті.