05.01.2024, 21:30

Тараздық шенеунік жарты млрд теңгені құмар ойынға салған

Фото: Pixabay

Сот үкімімен енді ол мемлекеттік сатып алу жұмыстарымен 10 жыл бойы айналыса алмайды.

Таразда әкімдіктің бұрынғы қызметкері жарты миллиард теңгені құмар ойындардың бәсіне жұмсап жіберген. Азарт құмар азамат букмекерлік кеңселерге туыстары мен таныстарының ақшасын салған. Халыққа берешегін қалтасына басқан қызметкер Облыстық жастар басқармасында 10 жылдай жұмыс істеген. 20-ға жуық адамды соңынан жүгірткен қызметкерге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Жамбыл облыстық жастар басқармасында жұмыс істеген Ділмұрат есімді маман «тендер ұтып беремін» деп таныс-тамырының сеніміне кіреді. Ауылдастарынан да ақша жинап алады. Соңғы екі жылда 500 млн теңгені қалтасына басып, құмар ойындарында ұтылады. Алаяқтыққа барған азаматтың үстінен 205 млн теңгесін даулап, 15 адам арыз түсірген, деп жазды qazaqstan.tv.

205 млн теңге сотталған азаматтан өндірілмеді, ал жәбірленушілер кешірім берген жоқ. Оған 6 жыл 8 ай бас бостандығына айыру жазасы кесілді. Жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады. Сондай-ақ сот үкімімен мемлекеттік сатып алу жұмыстарымен 10 жыл бойы айналыса алмайды, - деді Тараз қаласы прокуратурасының аға прокуроры Аяла Құдайберген.