Қазір теңіз жағасына адамдардың баруына уақытша шектеу қойылған.
Маңғыстау облысының Қарақия ауданы аумағындағы теңіз жағалауынан 20 аққудың өлексесі табылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап.
Өткен аптада Қарақия ауданында аққулардың қырылғаны туралы ақпарат тараған болатын. Бұған қатысты жергілікті атқарушы билік түсініктеме беріп, кешенді жұмыс атқарылып жатқанын жеткізді. Аудан әкімінің орынбасары Асан Әділұлының айтуынша, қазір теңіз жағасына адамдардың баруына уақытша шектеу қойылған.
Бұған қатысты облыс деңгейінде комиссия құрылған болатын. Қазіргі уақытта Қарақия ауданы бойынша 11 қаңтар күні 12 аққу, ал 12 күні 8 өлексесі табылды. Қырылған аққулар бекітілген қаулы бойынша арнайы орындарда жойылды. Тексеру барысында өлген құстардың барлығы Қаракөлден келген аққулар екені белгілі болды. Қазір теңіз жағалауынан олардың өзге де өлекселерін іздеу жұмыстары жалғасуда. Егер құс денесі табылса, бірден жойылады. Сондай-ақ, адамдарға теңіз жағасына баруға уақытша шектеу қойылды. Жергілікті атқарушы орган тарапынан тиісті шараларды қабылданып отыр. Негізінен Қарақия бойынша 2672 үй құсы тіркелген. Қыркүйек айынан бері екі мыңға жуығы вакцинадан өтті, - деді Асан Чукин.
Осыған дейін Маңғыстау облысында Қаракөлде қырылған аққулардың саны 900-ге жуықтағаны туралы жазған болатынбыз. Сондай-ақ, бұған жауапты мамандар Атырау қаласынан арнайы жылжымалы крематорий пеш алдыртып, жою жұмыстары жалғасатынын мәлімдеген еді.
Ал құстардың қырылуы 21 желтоқсанда басталғанымен әзірге толастаған жоқ. Сараптама жұмысынан кейін оның себебі ретінде құс тұмауы екені айтылды.