Күш қолдану және моральдық қысым көрсету фактісі расталып, ол лицейде заңсыз жұмыс істегені анықталды.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Түркістан облысы бойынша өкілі мектептегі зорлық-зомбылық фактісін анықтады. Интернаттағы оқушының анасы мәселені шешу үшін көмек сұраған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Facebook-тегі ресми парақшасында мектептегі мәселе жазылған.
Кентаудағы лицей-интернат оқушысының анасы адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Түркістан облысы бойынша өкіліне хабарласып, оның баласына, сондай-ақ басқа оқушыларға білім беру мекемесінде тәрбиешінің көмекшісі физикалық және психологиялық зорлық-зомбылық көрсетіп жатқанын айтты.
Оқушылардың ата-аналары, қалалық прокуратура және Түркістан облысы білім басқармасы өкілдерінің қатысуымен жедел қабылдау ұйымдастырылып, нәтижесінде білім бөліміне сауал жіберілді.
Күш қолдану және моральдық қысым көрсету фактісі расталып, ол лицейде заңсыз жұмыс істегені анықталды. Ол енді мектепте істемейді.
Сонымен қатар қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін лицей-интернатының директоры, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, тәрбие психологы, сынып жетекшісі сөгіс түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.