$ 498.34  519.72  4.85

«Ресеймен жаппай экономикалық бірігу өзімізді қайтадан құлдыққа итермелеу» - Жангелді Шымшықов

Ресеймен тек қана бәсекелестік бағытта араласуымыз қажет. Себебі оларда да, бізде де сол мұнай, сол бидай, сол ет.

Белгілі экономист, сарапшы Жангелді Шымшықов «Qasqa Jol» ютуб-арнасында қонақта болып, еліміздің қазіргі экономикалық жағдайы мен экономикалық интеграция туралы сөз қозғады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Жангелді Шымшықовтың айтуынша, осы жылы болып жатқан қаржылық өзгерістер қарапайым халықтың өмір салтына айтарлықтай оң әсер еткен жоқ.

Мен Қазақстанның қазіргі жағдайына қарапайым халық ретінде ешқандай оң баға бере алмаймын. Өйткені, экономика деген - дастархандағы тамағың, киген киімің, ішкен-жегенің, пәтерге төлеген ақың, салығың, мінген көлігің. Осының барлығы жақсарса ғана осы жыл біздің өмір салтымызға өз жақсылығымен келді деп айта аламыз. Яғни, оң өзгерістер болды деген болашаққа сенім пайда болған жоқ.

Экономистің сөзінше, Қазақстан өзінің аумағы мен жолын Ресейді байытуға жұмсап отыр.  

Кеше мен жүк көлігінің жүргізушісімен сөйлестім. Оның айтуынша, олар Қытайдан Ресейге жүк тасып жатыр екен. Оның барлығын Ресей Украинаға қолданып жатыр, дейді. Осы жылы Қытайдан Ресейге жүк тасымалдау 26%-ға артқан. Санкцияға түскен тауарлар біз арқылы өтіп жатыр. Тәуелсіз ел ретінде ол өскен сайын кеденнен түсетін салық біздің бюджетті толықтыруы керек еді. Ал біз Еуразиялық экономикалық одақта болғаннан кейін оның бізге 10%-ы ғана тиесілі. Қалғаны Ресейдікі. Біз өзіміздің аумағымыз бен жолымызды Ресейді байытуға жұмсап жатырмыз. 

Сұхбар барысында Жангелді Шымшықов ел экономикасын қалай дамытуға болатынын, осы жолда экономист ретінде өзінің жасаған істерін, берген сұхбаттары мен жазған мақалаларын талдап берді. Оның айтуынша, Қазақстан дұрыс мемлекеттермен интеграцияға түспей экономикасын бір жолға қоя алмайды.

Мен экономикалық интеграция туралы үнемі айтып келемін. Ол дегеніміз бір-бірін толықтыратын экономикалардың ұштасып, жалғасуы. Мысалы, Жапонияда түк жоқ. Бірақ оларда интеллект бар, жаңа технологиялар бар. Бізде қазба байлықтары бар. Сәйкесінше Қазақстан Жапониямен интеграцияланса екі ел де аспанға көтерілетін еді. Тіпті Беларусь елімен де осындай байланыс құра алсақ дамитын едік. Өйткені олардан ауыр техникалар, керемет тракторлар шығады. Өнеркәсібі бар елмен экономикалық сабақтастық құруымыз керек. Ал Ресеймен тек қана бәсекелестік бағытта араласуымыз қажет. Себебі оларда да, бізде де сол мұнай, сол бидай, сол ет. Қай саланы алсаң да бәрі бір-бірімен бәсекелес. Ондай экономика бірін-бірі басып отырады. Сондықтан тиімді адаммен дос болу керек. Бір текті экономика интеграцияға жарамайды. Ресеймен жаппай экономикалық интеграцияға кіру өзімізді қайтадан құлдыққа итермелеу. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары