Қазір аулаларға жайылған сасық иісті жою үшін хлор себіліп кептіріліп жатыр.
Шымкентте кәріз құбыры жарылып, көшелер мен тұрғын үйлерді нәжіс суы басты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы КТК жаңалықтарына сілтеме жасап.
Оқыс оқиға кеше кешкісін қаланың Оңтүстік деп аталатын ескі бөлігінде болған. Құбырдан атқылаған лас су алты сағат бойы төменде орналасқан көшелерге жайылған.
Құбыр жарылып нәжіс суы атқылай бастаған кезде тұрғындар дабыл қаққан. Бірақ коммуналдық мекеме тек төрт сағаттан кейін келді деп отыр. Бұл уақытта лас су бірнеше көшені былғап, төрт үйдің ауласына кірген. 20-ға жуық техникамен түні бойы су сорғызылып, 300 үй судан ажыратылған. Құбыр таңға жуық жамалып, жұртқа су берілді дейді жауаптылар. Қазір аулаларға жайылған сасық иісті жою үшін хлор себіліп кептіріліп жатыр.
Ал қаланың коммуналдық мәселесіне жауаптылар бұл аудандағы кәріз жүйесі 55 жыл бойы күрделі жөндеу көрмеген дейді.Сондықтан темір құбырлар шіріп осындай жағдай болып отыр. Егер шіріген жүйені дереу жаңаламаса, апат алдағы уақытта тағы қайталануы мүмкін.