Кейбір кәсіпкерлер Қазақстандағы жемқорлық бизнесін дамытуға кедергі жасайтынын айтып, шағымданып жатыр.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров елімізде жемқорлыққа қарсы күрес жүріп жатқанын, нәтижесінде бизнеспен айналысу жеңілдегенін айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Үкіметтің баспасөз орталығында министрге «Кейбір кәсіпкерлер Қазақстандағы жемқорлық бизнесін дамытуға кедергі жасайтынын айтып, шағымданып жатыр. Салдарынан тұтынушыларға тауарлар қымбаттайды. Сіз айтылған деректерді мойындайсыз ба? Жағдайды қалай түзейсіз?» деген сұрақ қойылды.
Министр жемқорлыққа қарсы күрес жүргізіліп жатқанын алға тартты. Тіпті оның айтуынша, қазір елімізде бұрынғыдай жемқорлық жоқ көрінеді.
Бизнес жүргізуге коррупция кедергі жасайтыны бәріне белгілі факт. Жемқорлыққа қарсы жүйелі түрде күресу керек. Құзырлы органдар мұнымен айналысып жатыр. Менің ойымша, 10-20 жыл бұрын болған жемқорлық қазір жоқ. Себебі, жүйелі шешімдер қабылдануда. Шенеуніктер (кәсіпкерлерге – автор) кедергі жасауға қорқады. Сондай-ақ шенеуніктерге жоғары жалақы алуға жағдай жасалуда. Базалық ставка біртендеп төмендеп жатыр. Инфляцияны ауыздықтау үшін Үкімет тарапынан тиісті шешімдер қабылданды. Нәтижесінде инфляция біртіндеп төмендетілді. Оны 2 есе төмендету міндеті қойылды. Бұл мақсатқа жеттік. Биыл инфляция 6-8% деңгейінде болады. Жалпы бизнес жүргізуде кедергілер әрқашан болады. Кез келген нарықта мұндай жағдай бар. Ең бастысы біз бұл кедергілерді біртіндеп жоюымыз керек, – деді Әлібек Қуантыров.