Осы мерзім аяқталғаннан кейін олар уақытша тұруға рұқсат алуға міндетті.
Мәжілістің жалпы отырысында «2000 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы азаматтардың өзара сапарларының шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Заң жобасын Ішкі істер министрі Ержан Сәденов таныстырды. Ол хаттамаға мемлекет басшысының Ташкентке сапары барысында 2022 жылғы желтоқсанда қол қойылғанын еске салды.
Бұл құжатпен қос ел азаматтары үшін бірдей негізде уақытша есепке тұрмай, 30 күн болу белгіленбек. Осы мерзім аяқталғаннан кейін олар уақытша тұруға рұқсат алуға міндетті. Негіздер – жұмыс істеу, емделу, оқу, отбасымен бірігу, бизнес жүргізу. Осылайша, біз көші-қонды бақылаймыз. Одан басқа, болу мерзімін жаңарту мәселесі шешілмек. Алайда азаматтардың болу мерзімі 6 ай ішінде 90 тәуліктен аспауға тиіс, – деді ведомство басшысы.
Ержан Сәденов бүгінде қазақстандықтар Өзбекстанға барса, олар 5 күн ішінде тіркеуден өтуге міндетті екенін атап өтті.
Қазақстанда міндетті тіркеу мен көші-қон карточкасы барлық шетелдік үшін 2020 жылдан бастап талап етілмейді. Бұл түзету біздің бастама бойынша әзірленді. Өзбекстан тарапы хаттаманы 2023 жылғы сәуірде ратификациялады. Хаттаманы ратификациялау азаматтардың болуы үшін қолайлы жағдай жасап, екі елдің ынтымақтастығын нығайтады, – деді министр.