Әрине, шешімін таппаған өзекті мәселелер әлі де бар.
Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:
Отырыс барысында бірнеше тақырып қозғалды. Президенттің айтуынша, еіліміздің даму қарқынын күшейтуіміз керек.
Жалпы, өткен жыл еліміз үшін табысты болды деп айтуға болады. Әрине, шешімін таппаған өзекті мәселелер әлі де бар. Сондықтан, еліміздің сапалы дамуы үшін тиісті шешімдерді қабылдауымыз қажет. Біз алдағы уақытта жаңа экономикалық бағдармен жүреміз десек, Үкімет және әкімдер жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуге тиіс. Ұлттық экономиканы өркендету үшін жаңа идеялар және ұзақ мерзімге арналған жүйелі ұстаным қажет. Біз еліміздің даму қарқынын күшейтуіміз керек. Экономиканы әртараптандырып, шетелден көбірек инвестиция тарту қажет. Үкіметтің басты міндеттерінің бірі – экономикалық қызмет субъектілерінің бәріне бірдей жағдай жасау. Экономикаға жаңа серпін беру үшін Үкімет кәсіпкерлермен, инвесторлармен толыққанды серіктес ретінде тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет. Мемлекеттік аппарат барынша тиімді және үйлесімді жұмыс істеуі керек. Қағазбастылық, көзбояушылық дегенді доғару қажет. Осындай жағымсыз үдерістердің кесірінен жұрттың реформаға және Әділетті Қазақстанға деген сенімі азаяды. Жоғарыдан тапсырма берілгенін, азаматтардан арыз түскенін немесе жағдайдың нашарлап кеткенін күтіп отырмау керек. Бастама көтеріп, дербес жұмыс істей білу қажет.
Сонымен қатар, еліміздегі өндірістің техникалық жағдайын қатаң бақылауға алу керектігін айтты.
Бұдан бөлек, өндірістің техникалық жағдайына да қатаң бақылау жасап отыру қажет. Кейбір инвестор тапқан табысын тек қалтаға басқанды жөн көреді. Еңбек қауіпсіздігі, экология, өндірісті жаңғырту сияқты маңызды мәселелерге мүлде назар аударылмайды. Мұндай жағдайға бәріміз куә болдық. Сондықтан, менің тапсырмаммен Қарағанды комбинаты ұлттық инвесторға берілді. Оған берілуінің басты себебі – инвестордың кәсіпорынды кешенді түрде жаңғыртамын деген ниетінің болуы. Өндірістің жұмысын тоқтатпау және апатты жағдайға жол бермеу үшін кен орнын дереу қалпына келтіру, өндірістік қауіпсіздікті күшейту, материалдық-техникалық базаны жаңарту керек. Сондай-ақ, жаңа өндірістер ашып, қосылған құны жоғары тауарлар шығару үшін ауқымды инвестиция тартқан жөн. Жоғары технологиямен сапалы құрыш құю тәсілін меңгеру керек. Мұндай өнімдер көлік жасау өнеркәсібіне және басқа да салаларға қажет. Алдағы бес жылда кәсіпорын өндіріс қарқынын барынша арттырып, ТМД-да көш бастап тұрған металлургия комбинаттарының қатарына қайта қосылуы керек.
Мемлекет басшысы су тапшылығы туралы да сөз қозғады. Айтуынша, еліміздің кей өңірлерінде жағдай мүшкіл.
Әсіресе, Түркістан және Қызылорда облыстарындағы жағдай мүшкіл, құрғақшылық қаупі аса жоғары. Соған қарамастан, осы аймақтарда тиісті жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Сондықтан, суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, құрғақшылыққа төзімді дақылдарды көбейту керек, су үнемдейтін технологияны енгізу қажет. Ахуалды жақсарту үшін батыл әрекет жасау керек. Ең алдымен, су үнемдеу технологиясын кең ауқымда енгізген жөн. Шыны керек, біз суды тым орынсыз жұмсаймыз. «Судың да сұрауы бар». Бүкіл ел болып суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Көрші мемлекеттердің тәжірибесін зерттеп, тиімді тұстарын алу қажет. Елді сумен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет, ұлттық қауіпсіздік мәселесі деуге болады. Өнеркәсіпте, агросекторда, коммуналдық шаруашылықта, жалпы, барлық салада суды тиімді пайдалану мәселесіне ерекше мән беру қажет.