$ 439.4  473.54  4.76

Странджа турнирі: Қазақстанның 9 боксшысы жеңіске жетті (ВИДЕО)

Турнирде аясында 11 ақпанда финалдық айқастар болады.

Фото: видеодағы кадрдан алынды
Фото: видеодағы кадрдан алынды

Болгарияның София қаласында қалыптасқан дәстүр бойынша жылдың осы мезгілінде боксшылардың Странджа кубогы жолындағы турнирі өтеді. Биыл бұл жарыс 4 ақпанда 75 рет жалауын көтерді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қазақстан бокс федерациясының хабарлауынша, 12 ақпанға дейін болатын дүрмекті додаға елімізден 10 салмақтағы былғары қолғап иелері қатысып жатыр. Жалпы, халықаралық турнирге әлемнің 28 елінен 178 спортшы қатысуда.

Руслан Күзеубаев 60 келіге дейінгі салмақта алжирлік қарсыласы Морджан Оуессамамен қолғап түйістіріп, оны 5:0 есебімен жеңсе,1/8 финалда Арменияның Еуропа чемпионы Артюш Гомцианиді де 5:0 есебімен еліне қайтарды.

67 келіге дейінгі салмақтағы Дулат Бекбауов алаң иесі Благовест Неделчевтен 3:2 есебімен басым түсті.

Кешкі сессияда 54 келіге дейінгі салмақтағы Дәулет Молдашев Қырғызстанның өкілі Руслан Эрнестуулын 4:1 есебімен жеңсе, 80 келіге дейінгі салмақтағы Тұрсынбай Құлахмет те тағы бір алаң иесі Николай Дишковтен айласын асырды. Дишков қазақ боксшысының соққыларынан «бесінші бұрышты іздеп» кетті. Жекпе-жекте төрешілердің бірауыз шешімімен Құлахмет 5:0 есебімен жеңіске жетті. Одан кейін ол 1/8 финалда өзбек Алохон Абдуллаевты жеңіп, келесі айналымға жолдама алды. Бұл жекпе-жекте есеп 4:0 болып тіркелді.

63,5 келіге дейінгі салмақтағы Ерасыл Таңқай болгариялық Красимир Джуровты 5:0 есебімен тізе түктірді. 92 келі салмақта Абзал Құттыбеков қытай Хань Сючженьді 4:1 есебімен жеңді.

52 келі салмақтағы әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай 1/8 финалда Қырғызстанның жастар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Бекзат Эргешовті жолда қалдырды. Бұл жекпе-жекте Тәшкенбай қарсыласынан 5:0 есебімен басым түсті.

57 келі салмақта Оразбек Асылқұлов украиналық Владислав Стасьты да 5:0 есебімен еліне қайтарды. Осы кездесу 1/8 финалда болды.

71 келі салмақтағы Талғат Шайкен 1/8 финалда грузиялық Эскерхан Мадиевтен 2:3 есебімен жеңіліп қалды. Бұл боксшы – былтырғы әлем чемпионатының ширек финалисі.

75 келіде Нұрқанат Райыс қырғыз Даниэль Абдрахмановты жеңді.

Странджа кубогы жолындағы турнирге Украинадан 21, Өзбекстаннан 19, Болгариядан 18, Грузиядан 14, Үндістаннан 13, Қырғызстаннан 11 боксшы қатысып жатыр.

Айта кетейік, турнирде 10 ақпанда жартылай финалдық, 11 ақпанда финалдық айқастар болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары