$ 443.44  480.51  4.88

Елена Рыбакина Әбу-Даби турнирінің ширек финалына шықты

Екі сағат 20 минутқа созылған тартысты матчта Рыбакина 3 эйспен бірге 13 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. 

Фото: ҚТФ
Фото: ҚТФ

Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина Әбу-Даби WTA 500 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Аустралия ашық чемпионатындағы сәтсіздіктен кейін рейтингіде 5-сатыға түсіп қалған Рыбакина үшін бұл жарыс маңызды еді.

Доданың бірінші ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда рейтингіде 71-орындағы америкалық Даниэль Коллинзбен шеберлік байқасты.

Олар осыған дейін өзара үш рет кездесіп, соның екеуінде Рыбакина жеңген еді.

Бұл жолы Коллинз оңай шағылатын жаңғақ еместігін көрсетіп, бірінші партияда басым түсті — 6:4.

Есесіне екінші сетте Елена есе қайтарды — 6:3.

Үшінші, шешуші партияда қазақстандық спортшы жеңісті жұлып алды — 6:3.

Екі сағат 20 минутқа созылған тартысты матчта Рыбакина 3 эйспен бірге 13 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. 

Елена Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 74-ракеткасы, Испания өкілі Кристина Буча немесе рейтингіде 156-сатыдағы британиялық Хитер Уотсонның біреуімен кездеседі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары