Бір сағат 2 минутқа созылған матчта Елена 7 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың төртеуін мүлт жібермеді.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина Әбу-Даби (БАӘ) WTA 500 турнирінің жартылай финалына жолдама алды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші ширек финалда дүниежүзілік рейтингіде 74-орында тұрған испаниялық Кристина Бучамен жолығысты.
Биыл Рыбакина Бучаны Аделаиде (Аустралия) додасында 6:3, 7:5 есебімен жеңген еді.
Бұл жолы Елена матчты өте қарқынды бастады — 6:1.
Екінші сетте керісінше испаниялық спортшы брейк жасап, алға шықты — 3:1.
Дегенмен Рыбакина сол бойда таразы басын теңестіріп қана қоймай, кездесуді жеңіспен тәмамдады — 6:4.
Бір сағат 2 минутқа созылған матчта Елена 7 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың төртеуін мүлт жібермеді.
Елена Рыбакина финалға шығу үшін әлемнің 15-ракеткасы, ресейлік Людмила Самсоновамен кездеседі.