Бұл жолы Елена 6:2, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Доха (Қатар) WTA 1000 турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемнің 32-ракеткасы, ресейлік Анастасия Павлюченковамен шеберлік байқасты.
Осыған дейін қарсыластар 2021 жылы Ролан Гаррос жарысының ширек финалында кездесіп, онда ресейлік спортшы басым түскен еді.
Бұл жолы Елена соның есесін қайырып, 6:2, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Сағат жарымға созылған бәсеке барысында Рыбакина 3 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. А.Павлюченкова 2 эйс, 1 брейктен аса алмады.
Елена Рыбакина финалда әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекпен бас жүлдені сарапқа салады.