Өзбекстан чемпионатында Руслан Абдуллаевтан бөлек, төрт бірдей қазақ баласы жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Бокстан Өзбекстан құрамасының бас бапкері Толқын Қылышев құрамадағы ұлты қазақ боксшы Руслан Абдуллаевтан үлкен үміт күтетінін айтты. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы “Егемен Қазақстан" газетіне сілтеме жасап хабарлайды.
Толқын Қылышев Өзбекстан құрамасындағы ең мықты боксшылардың бірі саналатын этникалық қазақ Руслан Абдуллаевтың болашағы зор екенін жасырмады.
2023 жылғы әлем чемпионы Руслан Абдуллаевқа да бес жыл тәлім бердім. Кезінде Русланды маған білікті бапкер Ерғали Әбубәкірұлы алып келген еді. Ол талантты боксшы. Русланнан зор үміт күтеміз. Өзбекстан чемпионатында Руслан Абдуллаевтан бөлек, төрт бірдей қазақ баласы жүлдегерлер қатарынан көрінді. Енді олар құрамаға алынып, халықаралық жарыстарда сынға түседі, – деді бапкер Қылышев.
Айта кетейік, Руслан Абдуллаев 2023 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында 63,5 келі салмақ дәрежесінде топ жарған болатын.