22.02.2024, 12:00

Қанағат Әбілқайыр: Мемлекеттік рәміздер үшін саяси қадамдарды жасаудан тартынбау керек

Фото: aikyn.kz

Көп адам біздің елтаңбадағы қос қанатты пыраққа қатысты көзқарасын білдіріпті. Шынымен де ол аңыздағы дүние, мифтік ұғым.  

Жазушы Қанағат Әбілқайыр «Жаңа Адамдар» жастар қозғалысының Елтаңба туралы жүргізген сауалнамасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Жазушының айтуынша, Елтаңбаны танымайтындардың қарасы көптігі ойландыратын жағдай. 

«Жаңа адамдар» атты жастардан құралған ұйымның Астана мен Алматы қаласында тұратын азаматтар арасында жүргізген әлеуметтік сауалнамасын естіп, көріп жатырмын. Оған қатысқан  500 респонденттің 70 пайызы Қазақстанның  Елтаңбасын танымаған. Яғни, Елтаңбамызда бейнеленген жекелеген элементтердің мәні мен мағынасын түсінбейтінін айтыпты. Ондағы атрибуттар күрделі деген уәж келтіріпті. Бұл әрине ойландыратын жағдай. Мемлекеттік нышандарымызды өз мемлекетіміздің тұрғындары танымай жатуы күрделі мәселе. Бір жағынан қоғамда айтылып жатқан ұсыныс-пікірлердің де жаны бар. Көп адам біздің елтаңбадағы қос қанатты пыраққа қатысты көзқарасын білдіріпті. Шынымен де ол аңыздағы дүние, мифтік ұғым.  

Сонымен қатар Қанағат Әбілқайыр Әнұранға бұрынғы мәтінді қайтару керек деп есептейтінін де жасырмады.

Бәлкім, қоғамда айтылып жатқан ұсыныстар негізінде Елтаңбаға бөрінің басы, сұңқар бейнесі және т.б атрибуттарды қосып, жалпы геральдикасына өзгеріс енгізген дұрыс шығар? Бірақ рәмізтанушы мамандар, ғалымдарымыз қандай ой қосады? Тарихшыларымыз не дейді? Елтаңбаны өзгерту деген көзқарасты айтып жатқан азаматтар нақты ұсыныстарын ортаға салсын, олар саны қанша адам? Бәрінің ой-пікірін тыңдайық. Мемлекеттік рәміздер үшін кез келген саяси қадамдарды жасаудан тартынбау керек деп ойлаймын. Менің өз ойым Әнұрандағы бұрынғы мәтінді қайтарып, «менің жерім!» деп айтылатын жерін қалпына келтірген дұрыс секілді.  Қалай болғанда да бұл мәселеде жұрт болып ақылдасқан жөн.

Естеріңізге сала кетейік, Жаңа Адамдар Елтаңба туралы, қазақстандықтардың пікірін білу үшін, Астана мен Алматы қалаларында 500-ден астам әр-түрлі жастағы тұрғындардан, әлеуметтік сауалнама жүргізген еді.