29.02.2024, 03:30

Ақмола облысында 200-ден аса жылқы аштан қырылды

Фото: видеодан алынған кадр

"Сіздерден көмек сұраймыз. Облыс аппараты неге төтенше жағдай жарияламасқа?" - деді шаруаның бірі Қайрат Бегалин. 

 

Ақмола облысының төрт ауданында қарды тұяғымен арши алмаған 200 бастан астам жылқы аштан қырылған. Алдындағы малынан айырылған шаруалар билік өкілдерінен көмек сұрауда, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

КТК арнасының мәлімдеуінше, қыстақтағы малды ауылға жеткізуге жол жоқ. Белуардан келетін қалың қар қыста жауған жаңбырдан сіресіп, қатып қалған. Сол себепті тебіндегі жылқы азық таппай, аштан өліп жатыр. Алдындағы малынан айырылған шарасыз шаруалар әкім-қаралардан жалынып көмек сұрап отыр.

"Сіздерден көмек сұраймыз. Облыс аппараты неге төтенше жағдай жарияламасқа? Мына жаққа техника жіберуге болмайды, тым болмағанда жолдарды ашып бергенде,. Ақша, азық сұрап жатқан жоқпыз. Өзіміз сатып аламыз. Қаншама халықтың малы бар. Биыл қыс сондай қатты болып жатыр. Жалғыз менде емес, көрші ауылдардың бәрінде мал қырылып жатыр", - деді шаруаның бірі Қайрат Бегалин.

Аңғал батыр ауылынан 20 шақырым жерде ғана жайылған жылқыны ауылға жеткізуге жол жоқ. Әбден ашыққан мал көтерем болып құлап, қар астында қалған. Биелер құлын тастап, төл басы кеми түскен.

Арна мәліметінше, Біржан сал ауданының әкімі бір емес, екі рет жол аштық деп тұр. Қынадай қырылған жылқылардың аурудан емес, аштан өліп жатқанын мал дәрігерлері де растап отыр.

"Мал шығыны бар екені рас. Ол біздің 4 ауданда тіркеліп отыр. Біздің мәліметіміз бойынша, мал шығыны 200 бастан асып кетті. Аурудың ешқандай белгісі жоқ. Мал аштан қырылып жатыр. Оны сараптама жүзінде дәлелдеп бере аламыз. Мал аштан қырылып жатыр. Сойған кезде ішінде қардан басқа ештеңе жоқ", - деді Ақмола облысы ветеринария басқармасының басшысы Талғат Жүнісов.