05.03.2024, 10:20

«Халық ойлансын» деген ескерту»: Мэлс Елеусізов Алматыдағы жер сілкінісі туралы (СҰХБАТ)

Фото: vlast.kz

Биік үй салуды тоқтату керек. Бұдан көп қылмыс көріп отырмын. Кім оларға рұқсат берді?

Кейбір сейсмологтар Кемен ошағының оянғанын айтып, елді бір тіксіндіріп тастады. Бұл жөнінде эколог Мэлс Елеусізовтің дабыл қағып жүргені бүгін емес. Ол NEGE-ге берген сұхбатында жойқын апаттың салдарын азайту жөніндегі ұсыныстарын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

– Алматыда сейсмикалық аймақта орналасқаны мәлім. Десе де, бес баллдан асатын зілзала араға біраз жылдар салып қайталанып отыратын еді. Қазір қысқа уақыт ішінде екі мәрте ірі жер сілкінісі болды. Бұл нені көрсетеді?

– Әрине, бұл – цикл. 1911 жылы қатты жер сілкінісі болып, бүкіл қала қираған болатын. Ол кезде тек қана бір ғана ғимарат – православ шіркеуі ғана аман қалған. Бір шеге қағылмаса да, қиюластырылып, өте сапалы салынған екен. Қазіргі сәулетшілер сол ғимартты салған сәулетшінің тырнағы да татымайтын шығар. Мұндай апатты зілзала жүз жылда қайталанып отыруы бек мүмкін. Бұл жөнінде сейсмологтар бұрыннан айтып келе жатыр. Меніңше, уақыты келді.

Бұған қосымша ауа-райы өзгеріп барады. Оның да әсері бар.

– Ауа-райының өзгеруі жер сілкінісіне қалай ықпал етеді?

– Қазір ғалымдар жер шарындағы өзгерістер туралы дабыл қағып жатыр.

– Жер ядросындағы өзгерістерді меңзеп отырсыз ба?

– Ауа-райының өзгерісі бізге әлі қатты сезілген жоқ. Мұхит жағалауындағы мемлекеттердің есі шығып жатыр. Жойқын зілзаланың уақыты келді. Меніңше, соңғы екі жер сілкінісі – «халық ойлансын» деген ескерту.

М.Елеусізов. Фото: vlast.kz

– Табиғаттың өзі ескертіп жатыр ма? Сонда не істеу керек? Қандай амал бар?

– Алматыға көп қазақ ауылдан келді. Бұрынғы колхоз, совхоз тараған соң, жұрт жұмыссыз қалды. Содан екі қолға бір күрек іздеп, оңтүстік астанаға қарай ағылды. Қалаға келген соң да, көп адамдардың тұрмысы түзеліп кеткен жоқ. Басында баспанасы жоқ. Біреуге жалданып жұмыс істегенше, ауылдарына қайтқаны жөн. Қазір көктем, жер аударып, көкөніс өсіріп, ас-ауқатын сайлап алуға мүмкіндігі бар. Бұл – бір.

Екіншіден, мобильге жүгіну керек. Ол – темірден жасалған шкаф секілді апаттан сақтайтын құрал. Электромагнитті толқын жер сілкінісінен 4,5 секунд бұрын жетеді. Сигнализаторы шыр ете түскенде, соның ішіне кіріп отыру қажет. Алдын-ала құжаттарын, ішетін суы мен жейтін тамағын, жылы киімдерін, қаражатын, құнды заттарын салып қойған жөн. Бұл шара адам өмірін сақтайды.

Үшіншіден, алдын ала көпкиіз үй алып қойған жөн. Бұл үйлерге жер сілкінісі қауіпті емес. Қыста да тұра беруге болады. Мемлекет қазірден киіз үйлерді көп алса, қиын жағдайда балалар да, басқалар да кіріп, жан сауғалайды. Бар ұсынысым – осы.

– Жойқын апаттың алдын алу үшін мемлекет басқа қандай шара қолдануы тиіс?

– Мемлекет дереу комиссия құруы тиіс. Оған мықты ғалымдар мен мамандар кіруі керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің өкілдері де қажет. Жемқорлық – қоғам індеті. Жемқорлық бар жерде заң жұмыс істемейді.

Фото: tengrinews.kz

– Соңғы кездері Алматыда қаншама зәулім үйлер салынды. Енді қайтадан қабаты аз үйлерге ораламыз деп жатыр. Сіздіңше, Алматыдағы салынып жатқан үйлер неше қабаттан аспауы керек?

– Биік үй салуды тоқтату керек. Бұдан көп қылмыс көріп отырмын. Кім оларға рұқсат берді? Алматыда төрт-бес қабаттан асатын үйлер салынбауы керек. Ал қазір 20-30 қабатты ғимараттар салынып жатыр. Зерттеу жұмыстары жоқ. Қай жерге салынғаны айтылмайды. Жер тақталарының жарықшақтары анық көрсетілуі тиіс. Жарықшақтардың үстінде үй салынбауы қажет. Оған рұқсат берген әкімдерді түгел соттаған жөн.

Байбектің істемегені жоқ. Ал Досаев екі жылдан бері не істеді? Осындай мәселелерді міндетті түрде шешу қажет.

Халықты зілзаладан қорғануға үйрету керек. Өкінішке қарай, ондай жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Бізге Жапониядан үлгі алуға болады. Олардың тәжірибесі аса қымбат.