05.03.2024, 16:20

19 жастағы жігіт құмар ойынның кесірінен суицид жасады

Фото: Pixabay

Қазіргі таңда бұл оқиға бойынша қылмыстық іс жүргізіліп жатыр.

Жетісу облысы полиция департаменті құмар ойынның салдарынан өз-өзіне қол жұмсаған 19 жастағы ер адамның өлімін растады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Өз-өзіне қол жұмсаған азамат туралы ақпаратты талдықорғандық белсенді Қайрат Абдрахман жеткізді. Оның айтуынша, 19 жасар жігіт оның досының әріптесі болған.

"Ол бала лудоман болған, яғни құмар ойынға салынып кеткен. Бірнеше жағымсыз әңгімелерді де естігенмін. Біздің депутаттар осы букмекерлерге қарсы заңды қашан қабылдайды? Жылдар бойы осы саланы ешкім ретке келтіре алмай жүр. Бұл недеген сұмдық?" – дейді жергілікті белсенді.

Полиция департаментінің ақпаратына сүйенсек, өз-өзіне қол жұмсау фактісі 4 наурызда Талдықорған қаласының пәтерлерінің бірінде тіркелген. Қазіргі таңда бұл оқиға бойынша қылмыстық іс жүргізіліп жатыр.

"Талдықорған полициясы 4 наурызда болған жігіттің өз-өзіне қол жұмсау фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Қазіргі уақытта қажетті сараптамалар тағайындалды. Қылмыстық іске қатысты өзге мәліметтер жария етілмейді", – деп хабарлады Жетісу облысы ПД баспасөз қызметі.