$ 494.87  520.65  4.91

«Бірлік бастауы». Оралда армян ұлтының ұлттық мейрамы атап өтілді

Осы жылы екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 32 жыл толды.

Фото: assembly.kz
Фото: assembly.kz

Қазақстан елінің көпұлтты мемлекет екендігінен барлығы хабардар. Бірнеше ұлтты бір ұяға ұйыстыра білген қазақ халқының көңілі - даласындай дархан әрі кең. Біздің елімізде өзге ұлттар мекен етіп қана қоймай, өз мерекелерін тойлап ешқандай шектеусіз өмір сүріп жатыр. Соның бірі Орал қаласында өткен армяндардың «Терендез» ұлттық мейрамының аталып өтуі.

Армян халқының «Терендез» ұлттық мейрамын тойлату Орал қаласында дәстүрге айналып үлгерген. Аталмыш шарада армяндардан бөлек, облыстық Ассамблеяның этномәдени бірлестіктері, БҚО ҚДБ «Қоғамдық келісім» КММ, БАҚ өкілдері мен жастар бой көрсетті.

«Терендез» мейрамын атап өтудің өзіндік мәні мен тарихы бар. 13 ақпанда тойланатын бұл мереке армян халқы үшін – ғашықтар күні болып саналады. Мейрамды тойлау кешкі уақытта алаудың жанында басталады. Ежелгі заманнан бері мерекенің басты атрибуты – жағылған алау. Қол ұстасқан қос ғашық осы алаудың үстінен секіреді. Егер екі жастың қолдары ажырамай оттан секіре алса, екеуінің құрған отбасы берік, ал махаббаттары мәңгілік болады деп есептеледі. Жастар секіріп бара жатқанда, үлкендер арттарынан бидай мен қарасора тұқымын себеді, бұл да отбасылық өмірдің амандығын тілеудің бір нышаны. Сондай-ақ, армян нанымдары бойынша, бұл күні мерекелік алаудың жалыны шарпыған адамдар өмірде жаңару мен жақсылық энергиясына шомылады екен.

Жас жұбайлардан кейін бала көтере алмай жүрген әйелдер де жүкті болуға сеп болады деген үмітпен оттың үстінен секірді. Барлығы оттан аттағаннан соң қол ұстасып алауды айнала билейді. Өрт әбден сөнгеннен кейін күлін жинап, егіс алқаптарына шашады. Бұл армяндардың нанымына сәйкес келесі күзде жақсы өнім шығады дегенді білдіреді.

Қазіргі уақытта қауіпсіздік шараларына сай мұндай алаулар аз жағылады. Әйтсе де, қыз-жігіттер кешкі уақытта қала көшелерімен қолдарына шам ұстап серуендеуді әдетке айналдырған.

Орал қаласында өткен бұл мерекенің арты армян ұлтының қолөнер бұйымдарының көрмесін тамашалаумен жалғасты. Бұдан бөлек армян этносынының дәстүрлі тағамынан дәм тату да болды. Іс-шара концерттік бағдарламамен және еліміздегі этносаралық қатынастарды нығайтуға қосқан үлесі үшін «Масис» армян этномәдени бірлестігі Төрағасының атынан алғыс хаттармен марапаттау рәсімімен аяқталды. Осылайша оралдықтар өздерінің кең пейілі мен ынтымағын іс жүзінде көрсете білді.

Естеріңізге сала кетейік, статистика бойынша біздің елде отыз мыңға жуық армян тектес адам тұрады. Тарихқа үңілсек, Қазақстан армян халқын қуана қабылдаған түркі елінің бірі. Бүгінде елордада Арменияның елшілігі бар болса, Ереванда Қазақстанның көк туы желбіреп тұр. Осы жылы екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 32 жыл толды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары