Сары май, нарын, басуырсақ, құрт сынды дәмділер қазақ асханасындағы фаворитім.
Біздің мемлекетіміз өзінің бауырмалдығы мен қонақжайлылығының арқасында өзге ұлт өкілдері үшін қасиетті мекенге айналып үлгерді. Қазақстанда тұратын өзге ұлттың әр адамы бұл елде өзін бақытты, әрі қауіпсіз сезінеді және басқа елге қоныс аударуды ойларына да алмайды. Горелова Викторияның Skifnews.kz ақпарат порталына берген сұхбаты бұл сөзімізге дәлел.
Осында туып-өскен Виктория үшін Қазақстаннан артық жер жоқ. Біздің елде білім алып, тұлға болып қалыптасқан Виктория өзін ешқашан жат сезінбеген.
Менің мекенім – Қазақстан. Өйткені осында туылдым, осында өстім, білімді де осы елден алдым. Мектеп бітірген соң Астанадағы айтулы оқу орны Еуразия ұлттық университетіне оқуға түстім. Журналистика және саясаттану кафедрасына қабылданып, «Қазақ журналистикасы» мамандығын тәмамдадым. Университетте қазақ группасында оқыдым, группаластарым мен оқытушыларым менің қазақша шебер сөйлейтініме таңданатын. Ал мен үшін ол ешқандай ерекшелік емес. Мұндағы әр адам мемлекеттік тілді меңгеруі керек деп санаймын.
Университет қабырғасында жүргенде де белсенді студенттердің бірі болған біздің сұхбаттасушымыз бүгінде бітірген мамандығы аясында қызмет етіп жүр екен.
Еуразия ұлттық университетінде белсенді студент болдым. Ондағы мәдени шараның барлығына ат салысатынмын. Өзімнің бірнше хоббиім бар. Солардың бірі: кітап оқу, сурет салу, спортпен айналысу және киноға түсу. Актрисалық қырымнан өзімді біраз сынап жүрмін. Түрлі әлеуметтік роликтерге, жобаларға және фильмдерге түстім. Камера, жарық, мотор деген сынды сөздер маған жақсы таныс. Болашақта ауқымды жобаларда бой көрсетсем ба деймін, Отандық фильмдерге де түскім келеді. Бүгінде негізігі табысты SMM саласынан тауып жүрмін. Шығармашылық жұмыс болса, шаршамай істей беремін.
Қазақылыққа қанығып өскен Виктория үшін қазақ тілін меңгеу қиынға соқпаған, тіпті қазақтың ұлттық тағамдарын да сүйсініп жейтін болып шықты.
Мен үшін қазақ тілін үйрену оңай болды. Асы бір қиындықпен еске алмаймын. Тіпті қай кезде үйреніп, сөйлеп кеткенім есімде де жоқ. Сары май, нарын, басуырсақ, құрт сынды дәмділер қазақ асханасындағы фаворитім. Өз дастарханымды сары майсыз елестете алмаймын. Атап айтып өткен тағам түрлерін сүйсініп жеймін және бауырсақ істеу қолымнан келеді. Бұдан бөлек қазақтың ұлттық ойындарынан да хабарым бар. Мәселен, маған «Қыз қуу» ойыны қатты ұнайды. Өзім жылқыларды жақсы көргеннен бе бұл ойын түріне қызығып қараймын. Егер дәл осы ұлттық ойынды ұйымдастырып жатса, міндетті түрде барып тамашалайтын едім.
Ең жақын достарының бірін қазақ қыздарының ішінен тапқан Виктория бұл елден еш жерге көшкісі келмейді екен.
Қазақстанды шын жүрегіммен жақсы көремін. Жақын құрбым Әсем жеке шаруаларымен Түркия елінде тұрып жатыр. Жыл сайын құрбымды көруге Түркияға барып тұрамын. Сол кезде Қазақстанды сағынып, елге қайтқым келіп тұрады. Туған жерге деген тартылыс күшті. Біздің елдің табиғаты көз тоятындай әдемі, ондағы адамдардың бауырына тартып үйінен дәм таттырғысы кеп тұратын қонақжайлылығы бар. Салт-дәстүріндегі тәрбиесі мен тағылымы, оған деген беріктігі де барлығы-барлығы маған шын ұнайды.
Бүгінде Астана қаласында тұратын Вика бұдан бөлек те еліміздің бірнеше қаласына барып көрген.
Мен Алматыға жыл сайын демалуға барамын. Ондағы таулардың әдемілігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Алматы қаласының табиғаты бөлек әңгіме... Бұдан бөлек құрбымның қуанышына ортақтасу үшін Семей қаласына бардым. Шығыс өңірі өзінше көркем. Семейдегі көпірге көзім тоймай қайттым. Содан кейін, әрине, шырайлы Шым қалаға да бардым. Ондағы адамдарың жайдары мінезі мені өзіне бірден баурады. Әйтсе де тұрақты тұратын жер ретінде елорданы таңдадым. Мұндағы мүмкіндіктердің көптігі маған қатты ұнайды. Өзімді түрлі саладан байқау үшін дәл қазір Астанадан артығы жоқ.
Виктория өз болашағын осы елден көреді екен.
Қазір жастық максимализмді пайдаланып еңбек ету, ақша табу, қалауларыма жету сынды нақты жоспарларым бар. Күнделікті күйбеңмен жүріп хоббиімді де ұмыт қалдырғым келмейді. Болашақта киноға түсіп өзімді үлкен экраннан ең үлкен армандарымның бірі. Бұл мақсаттарыма жету қиын болмайды деп ойлаймын. Өйткені Қазақстан мемлекеті жастарды қолдау жағына келгенде қол қусырып қалмайды.
Мемлекет басшысының төмендегі пікірі Виктория Горелованың бүгінгі сұхбат барысында айтқан әрбір сөзінің дәйекті дәлелі.
Қазақстандағы барлық этнос өкілдері қазақтың болмысын бойына сіңіруде. Елімізде қазақтың салт-дәстүрін ұстанатын өзге ұлт өкілдері өте көп. Қазақстан олар үшін туып-өскен, ержеткен, білім алған, отбасын құрған қастерлі мекені, Отаны болып саналады. Бұл – табиғи үрдіс. Бұл – жалпыұлттық бірегейлігіміздің тағы бір жарқын көрінісі. Сондықтан бүгінде азаматтарымыздың барлығы өздерін үлкен әрі біртұтас қазақ отбасының, шын мәнінде, қазақ ұлтының мүшесі сезінеді, деді Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясының отырысында.
Біздің елімізден орыс ұлт өкіліндерін көптеп кездестіруге болады. Олардың көбі қазақ ұлтына әбден сіңісіп, бір атаның балаларындай өмір сүріп жатыр. Қазақ отбасына келін болып жүрген орыс қыздары да аз емес. Өткен жылғы есеп бойынша, еліміздегі орыс халқының үлесі – 15,1%-ды құрайды. Орыс ұлт өкілдері негізінен Қазақстанның Солтүстік өңіріне көптеп қоныстанған. Олардың барлығы мамыражай тіршілік етіп жатыр десек қателеспейміз. Виктория Горелова сияқты оң ойдағы жандардың көп екеніне еш күмәніміз жоқ.