Ел мен жердің қасиетін жүрегінен өткізе білген адам кез келген ерлікке бара алады.
Біз өмір сүріп жатқан әлемнің әр түкпірінде соғыс пен тұрақсыздық, өзге де қауіпті жайттар мен сан алуан сынақтар болып жатыр. Осы тұста біздің елімізде патриотизмнің өсуі мен ел қорғанысының маңызды институты саналатын әскерге деген сенімнің артқаны байқалады. Оның ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне деген асқан ұқыптылық пен құрметті көп адамның әрекетінен көріп жүрміз. Конституциядағы жазылғанға сүйенсек, Елтаңба, Әнұран және Ту біздің елдің – ең маңызды рәмізі.
Жеңіске қол жеткізген әр спортшының көк байрақты төбесіне көтеріп жарыс алаңын айнала тойлатуы Отанына деген патриоттық сезім мен мақтанышты көрсетеді. Ал оған куә болған әр қазақтың көзінде жалын, қанында от ойнайды. Қазақ елінің көгілдір түсті жалауы көптің көзіне бірден түседі. Көк түс – береке мен тыныштықтың, бейбітшілік пен келісімнің, ел халқының бірлігінің көрінісі. Ал қазақ халқының қыран құсын киелі санағанына тарих пен аңыз-әңгімелер куә. Символизм тілінде қыранның сұлбасы мемлекеттік қуатты, кеңдік пен көрегенді білдіреді. Бұл – еркіндіктің, тәуелсіздіктің, мақсатқа, биіктерге ұмтылудың, болашаққа самғаудың айқын көрінісі.
Мәселен, футболдан ел құрамасы осы жылы тарихта болмаған нәтиже көрсетті. Айтулы командаларға қарсы тұрып, екі ойын қатарынан сенсация жасап, кэмбекке қол жеткізді. «Астана Арена» стадионына жиналған әрбір жанкүйер Әнұран шырқап, футболшыларға ерекше қолдау көрсетті. Осы тұста белгілі актер, продюсер Нұрлан Қоянбаев «Астана Аренаны» көк түске «бояды». Онда келген жанкүйерлерге еліміздің Туын таратып, рух көтеріп, тамаша патриоттық атмосфера сыйлай білді.
Тарихта болмаған челлендж. 20 000 Ту тараттық. Құрама командаға қолдау көрсетпегенде кімге қолдау көрсетеміз?, - деп жазды Қоянбаев.
Бұдан бөлек өнер иесі осыдан төрт жыл бұрын әлеуметтік желідегі парақшасында Туымызды насихаттап, пост жариялады. Ол жазбаға мемлекет басшысының өзі пікір қалдырды. Бүгінде ол жариялағаны 857 898 лүпіл мен 15 071 958 пікір жинаған. Халықтың көп бөлігі шоғырланған әлеуметтік желіде мұндай челлендждің ұйымдастырылуы керек-ақ.
Геннадий Головкиннің шаршы алаңға шапан киіп шығуы, Шавкат Рахмоновтың басындағы тымағы, Жәнібек Әлімханұлын америкалықтардың «Qazaq Style» деп атап кетуі мұның барлығы өскелең ұрпаққа ерекше мақтаныш сезімін сыйлайды. Үлкен спорттағы мұндай ұлттық кодты көрсететін дүниелер жас буынның бойына патриоттық сезімді ұялатады. Сондықтан жоғарыда атап өткен жайттар – тағылымы терең үрдіс.
Барлық мемлекеттік мекемеде ілініп тұратын Ту мен Елтаңбаның, шырқалатын Әнұранның маңызы мен мәні зор. Өйткені, өз елін, жерін сүймейтін адам ол елге ешқашан лайықты қызмет етпейді және оған берілген мүмкіндік пен жасалған жағдайды бағаламайды. Сондықтан біз патриот болуды барлық ресурсты пайдалана отырып насихаттауымыз керек. «Ел мен жердің қасиетін жүрегінен өткізе білген адам кез келген ерлікке бара алады» деген Президент сөзі біздің бүгінгі материалымыздың негізгі түйіні.