Литий - электромобиль өнеркәсібі үшін ең маңызды минералдардың бірі.
Кореяның KIGAM ғылыми-зерттеу институты Қазақстанда литийдің ірі кен орнын тапты. Алдағы уақытта оны игеру жұмыстарын жалғастыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Кен орны өткен жылы ашылған, бірақ институт өкілдері бұл туралы сейсенбі, 5 наурызда Сеулдегі халықаралық негізгі пайдалы қазбалар форумында хабарлады.
Шығыс Қазақстанда 1,6 шаршы шақырым аумақта литий кен орындары табылды. Бұрын бұл жерде тантал өндірілген және ол әдетте литий мен цезиймен бірге кездеседі, делінген мақалада.
Институт мамандары Қазақстан үкіметінің тапсырысы бойынша бұл саланы 2023 жылдың мамыр айынан бастап зерттеп жатыр.
Геологтардың мәліметінше, кен орнындағы литий қоры 15,7 миллиард долларға бағаланып отыр.
Канадалық агенттіктің зерттеуі бойынша бұл аймақта табылған литийдің мөлшері 5,3%-ға жетеді. Салыстыру үшін Батыс Австралия кеніштеріндегі литий мөлшері 2,1% құрайды, - деп атап өтті институт.
KIGAM келесі жылы кореялық компаниямен бірге литий өндіруді бастау үшін барланған аумақта бұрғылау құқығына өтінім беруді жоспарлап отыр. Әзірге қандай компания қатысатыны жарияланған жоқ.
Айта кетейік, литий - электромобиль өнеркәсібі үшін ең маңызды минералдардың бірі. Өйткені ол батареялардың негізгі құрамдас бөлігі.
2022 жылдың қазан айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республиканың тереңдігіндегі литий қоры 50-ден 100 мың тоннаға дейін екенін мәлімдеді. Ол геологиялық қызметке литий кен орындарын барлау және игеру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.