09.03.2024, 23:30

«Нашақорлық – әлеуметке ортақ проблема». Есірткі курьерлерімен күрестің екпіні қандай?

Фото: Pixabay

Соңғы он жылда елімізде нашақорлар саны артып, оның ішінде жастар арасындағы есірткіге құмарлар қатары 13-14 есе өскен.

 

 

Ғасыр дертіне айналған есірткі және оны тұтынудан аулақ болу, кеселдің алдын алу қажеттілігі бүгінгі күн тәртібіндегі ең басты өткір мәселелердің бірі болып отыр. Соңғы он жылда елімізде нашақорлар саны артып, оның ішінде жастар арасындағы есірткіге құмарлар қатары 13-14 есе өскен. Әсіресе есірткі пайдаланушылардың қатары күннен-күнге «жасарып» келе жатқандығы қорқынышты. Талай жеткіншек нашақорлық салдарынан қауіпті кеселдің құрбанына айналып жатыр, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Осы жылдың ақпан айындағы есеп көрсеткендей, Қазақстан есірткі қолдану бойынша топ-10 елдің қатарында. Бірінші орында – АҚШ. Екінші орынды Эстония иеленді, одан кейін Беларусь, Моңғолия, Канада, Гренландия және Ресей орналасқан. Зерттеушілер әлемдегі ең көп қолданылатын есірткіге алкоголь мен марихуана да кіретінін атап өтті. Рейтинг БҰҰ-ның есірткі туралы Дүниежүзілік есебінің негізінде жасалды. 

Соңғы жылдары синтетикалық есірткілер мен оларды өндіруге арналған құрамдас бөліктерінің шекаралас мемлекеттерден жеткізілетіндігін ескере отырып, шетелдік әріптестермен ынтымақтаса, оның жолын кесу амалдары қолға алынды. Осылайша бірнеше есірткі курьері діттеген жерлеріне "тауарларын" жеткізе алмай, жарты жолда ұсталды. 

Мәселен 2024 жылғы 24 қаңтарда Ақтау қаласының халықаралық әуежайында ҰҚК Маңғыстау облысы бойынша департаментінің жедел қызметкерлері мен шекарашылар есірткі тасымалдады деген күдікпен екі шетелдік азаматты ұстады.

Осы жолаушылардың іш қуысына рентгеноскопиялық зерттеу бөгде заттардың бар екенін көрсетті. Арнайы медициналық тәсілдермен шетелдіктердің асқазандарынан апиын тобының есірткісінен тұратын 295 контейнер шығарылды, - деп мәлімдеді ҰҚК баспасөз қызметі.

Фото: ҰҚК

Алынған заттардың жалпы салмағы 2 кг-дан артықты құрады. Сот шешімімен фигуранттарға қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

Сонымен қатар Алматы облысында арнайы операция кезінде есірткі зертханасы жойылды. 17 ақпанда жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында Алматы облысы ПД ЕҚҚІҚБ қызметкерлері Іле ауданының ПБ қызметкерлерімен бірлесіп, Қосөзен ауылының аумағында синтетикалық есірткі өндіретін зертхананы анықтады. 

Арнайы операция кезінде 33 жастағы жергілікті тұрғын ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тұрғын үй-жайларын тінту нәтижесінде ақ түсті, ерекше иісі бар ұнтақ зат салынған полиэтилен пакет тәркіленді. Сараптамалық тексерулердің нәтижелері бойынша алынған зат жалпы салмағы 3 келі 840 грамм болатын мефедрон болып шықты.

Осылайша, полицейлер қара нарықта құны шамамен 100 миллион теңге болатын есірткінің 1 500 бір реттік дозасын таратуға жол бермеді. Сонымен қатар 40 дана шыны ыдыс, химиялық сұйықтығы бар 7 канистр және есірткі дайындауға арналған басқа да құрылғылар тәркіленді.

Фото: Алматы облысы ПД 

Құзырлы органдар Ақтөбе облысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлінісінің қызметкерлері оңтүстік өңірден есірткі жеткізу арнасының жолын кесті. 

Ақтөбеде қала тұрғыны тізгіндеген Toyota Alphard автокөлігі тоқтатылды. Көлікті тінту кезінде жүксалғышта өсімдік тектес, жасыл түсті, ерекше иісі бар зат салынған және скотчпен оралған алты полимерлі қап табылып, тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген зат салмағы 57,5 келі марихуана екені анықталды, – деді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов.

Жалпы салмағы 77 келіден асатын бұл есірткілерді аталған адамдар өңірге жеткізіп, кейіннен сату мақсатында сақтаған.

Фото: ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті

Бұдан бөлек осы жылдың 21 ақпанында Ақтауда екі шетелдіктің асқазанынан героин мен «синтетика» салынған 30-дан астам контейнер табылды. 

Рентгендік сараптама олардың құрсақ қуысында бөгде заттардың барын көрсетті.Арнайы медициналық процедуралардың көмегімен шетелдіктердің асқазанынан героин мен синтетикалық есірткі салынған 30-дан астам контейнер алынды, - делінген Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сондай-ақ тәркіленген заттардың жалпы салмағы бір келіге жуық екені атап өтілді.

Фото: ҰҚК

Наурыз мерекесі қарсаңында Шымкентте такси көлігінен 30 млн теңге тұратын мефедрон психотроптық есірткісі табылды. 

Аса ірі көлемдегі «синтетиканы» қалааралық такси жолаушысы Алматыдан алып келе жатқан. Жігіттің күдік тудырған әрекеттері туралы полицияға жүргізуші хабарлаған.Ал есірткі курьері жақын маңдағы бағдаршам ұсында көліктен шығып, белгісіз бағытта бой тасалаған.

Оқиға орнына жеткен полицейлер ер адамның көліктің жүк салғышында қалған сөмкесінен скотчпен оралған үлкен орама ішінде «ұнтақ» салынған үш пакетті тапты. Сараптама тәркіленген заттың массасы 1,5 кг жуық мефедрон психотроптық есірткі екенін растады, - деп мәлімдеді қалалық Полиция департаментіндегілер.

 

Фото: Шымкент қалалық ПД

Бұл есірткі тасымалдаушыларына қатысты ашылған қылмыстың соңғы үш айдағы кей көрсеткіші. Бұдан бөлек те ұсталғандары, БАҚ беттеріне жарияланбағандары қаншама. Жоғарыда тіркелгендерден бір нәрсені ұғуға болады. Есірткі тасымалдаушылар көбейген сайын олармен күрестің де күші артпаса кемімейді. Өйткені қылмыскерлерге құрық салу үшін елімізде кешенді іс-қимылдар жүргізіліп жатыр. Олардың нәтижесін де көріп жүрміз. Мәселен Қазақстан Республикасында Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілген.

Есірткінің заңсыз айналымының жыл сайынғы көлемі шамамен 20-25 тоннаны құрайды, оның 95%-дан астамы каннабис тобындағы есірткіге, 5%-ға жуығы синтетикалық есірткіге, ал 1%-дан азы апиынға, героинге және заттардың өзге де түрлеріне тиесілі. 2022 жылы оларды тәркілеу көрсеткіштері: жалпы саны – 15,9 тонна, оның ішінде "синтетика" – 582,9 кг (3,6%), героин мен апиын – 172,7 кг (1%), марихуана мен гашиш – 6,7 тонна (42%), каннабис – 8,5 тонна (53,2%), - деп жазады adilet.zan.kz.

Нашақорлық – әлеуметке ортақ проблема, қоғамның дерті. Жер бетінде миллиондаған өмірлерді алып кетіп жатқан бұл ауру әлемдік трагедия, өз ауқымы жағынан дүниежүзілік соғыстармен тең. Бүкіләлемдік дертке арнайы мамандар ғана емес, планетамыздың әрбір тұрғыны қарсы күрес  жүргізе білгенде ғана мәселенің шешімі табылмақшы. Сондықтан да, сіз болып, біз болып салауатты өмір салтын қалыптастырайық!