$ 442.05  474.14  4.74

Уағыз айту: Имамдар енді қазақтың би-шешендерінің сөздерін қолданады

Бүгінде қоғамда арабша немесе түрікше стильде уағыз айтып жүргендер бар. 

Фото: ҚМДБ
Фото: ҚМДБ

28 ақпанда Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы "Уағыз-насихат айтудың әдебі мен мәдениеті" тұғырнамасын қабылдаған болатын, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Соған орай, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі уағыз айтудың жаңа әдебі туралы айтып берді. 

Оның сөзінше, енді уағыз айтқанда имам ұстаздар қазақтың би-шешендерінің сөздерін, қазақтың мақал-мәтелдерін көбірек қолданады, деп жазады informburo.kz. 

"Уағыз-насихат айтудың әдебі мен мәдениеті" тұғырнамасында уағызды қалай дайындау керектігі, оны қай жерлерден алған жақсы екені секілді біраз мәселе айтылған. Уағыз ішінде біздің қазақтың би-шешендерінің сөздері болғаны жақсы. Өйткені, дінде салт-дәстүр деген дүние бар. Әр елдің өзінің реңі, дәмі болады. Халыққа түсінікті болуы үшін сол елдің мақал-мәтелін, өлең жолдарын, шешендік сөздерін қолданған жақсырақ. Бұл туралы тұғырнамада жазылды. Әлемдік деңгейдегі азаматтардың да айтқан сөздерін уағызда қолдануға болады", – деді Арман Қуанышбаев. 

Оның сөзінше, бүгінде уағыз айтып жүрген жас имамдар арасында түсінбеушілік туындап жатады. Өйткені, көбі шетелде оқып келгенімен, уағызды қазақ аудиториясына жеткізуде қиналады. 

"Кейбір жастарымыз (шетелде – авт.) оқып келеді. Бірақ, біреулері арабша стильде, кейбірі түрікше стильде уағыз айтады. Біз өзге елдерді бөлектемейміз, бірақ біздің халқымызға түсінікті болуы үшін уағыз қазақы тілде айтылуы қажет", – деді ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 3
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары