$ 443.37  474.49  4.83

Министр Балаева дау тудырған «Бірақ...» ток-шоуы жабылатынын айтты

Кейіпкерлерді көпшілік алдында қорламау қажет еді.

Фото: SPUTNIK / ВЛАДИСЛАВ ВОДНЕВ
Фото: SPUTNIK / ВЛАДИСЛАВ ВОДНЕВ

"Хабар" арнасындағы "Бірақ..." бағдарламасы төңірегіндегі даудан кейін мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ток-шоу жабылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

"Отбасылық құндылықтарды насихаттау, ана мен баланы қорғау жөніндегі қызметті үйлестіру, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылды насихаттау Министрліктің басты міндеттерінің бірі. Өз кезегінде, 11 наурыздан бастап "Хабар" арнасында отбасындағы әлеуметтік мәселелерін көтеріп, оны шешуге бағытталған "Бірақ..." бағдарламасының шығарылымы ұйымдастырылды. Алайда, тікелей эфирдегі берілген шығарылымда редакция бағдарламаның діттеген мақсатына жете алмай, кейіпкерді жаңылыстыру арқылы қоғамда түрлі пікірлер туындатты", - деп жазды Балаева Facebook-тегі ресми парақшасында.

Оның сөзінше, мемлекеттік идеологияны жүргізіп отырған мемлекеттік телеарна бұндай олқылыққа жол бермеуі тиіс еді.

"Ең алдымен, редакция барлық этикалық нормаларды сақтап, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық пен арандатушылыққа жол бермеуге, кейіпкерлерді көпшілік алдында қорламау қажет еді. Сондықтан телеарна редакциясына бұл үлкен сабақ болады деп санаймыз. Аталған ток-шоу жабылады", - деп жазды министр. 

Қоғамда резонанс тудырған бұл жағдайға "Хабар" агенттігінің төрағасы Кемелбек Ойшыбаев өз пікірін білдірді.

"Кешегі эфирде бір отбасының мәселесі тікелей эфирде көрсетілді. Орын алған жағдай әрқилы пікірлер легін туындатты. Осы оқиға аясында тіпті қоғамның көкейінде жүрген өзге сауалдар әлеуметтік желілер кеңістігіне ағылғанын мұқият оқыған адам байқар. "Бірақ"-тың шалыс басқан қадамы әлі түзеледі. Редакцияға осындай дереу қоғамдық талқы, қолдау да маңызды. Дәл бүгін қатысқан кейіпкерлерден де, көрерменнен де сұраған кешірімімізді қабыл алыңыздар. Өз алдына қонағымыз болып келген қонақ пен "Қорғау-Астана" кризистік орталығының ұжымынан жеке кешірім сұраймыз", - деп жазды Ойшыбаев Facebook-тегі парақшасында.

 

Артынша "Бірақ..." бағдарламасының Instagram-дағы парақшасында жүргізушілер қонақтан да, "Қорғау Астана" орталығынан да кешірім сұраған видеосын жариялады.

Айта кетейік, 12 наурызда эфирге шыққан видео қазіргі уақытта YouTube хостингінде жабық тұр. Қолданушылар бағдарламаның бұл эфирін көре алмайды. 

Дереккөз: nur.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары