Қанабек Байсейітов 1905 жылы Алматы облысы Қаратал ауданы Қалпе ауылында дүниеге келген.
Бүгін режиссер, драматург, театр және кино актері Қанабек Байсейітовтың туғанына 119 жыл, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қанабек Байсейітов 1905 жылы Алматы облысы Қаратал ауданы Қалпе ауылында дүниеге келген. Әнші-актер, режиссер, драматург, Қазақ музыка театрының (қазіргі Қазақ опера және балет театрының) негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның халық артисі (1936).
Молдадан оқып, арабша хат таныған. Жастайынан ән салып, ауылында “әнші бала” атанады. 1920 жылдан қызметке араласа бастайды, ауылдағы сауат ашу мектебінде оқытушы болады.
Қазақ педагогикалық техникумын бітірген (1929). Осы техникумда оқып жүргенде, 1926 жылы техникум өнерпаздары қойған Ж. Шаниннің “Арқалық батыр” спектакліндегі Арқалық рөлін ойнап, актерлік талантын байқатты.
Ол 1927 жылы ұйымдастырылған жастар театрының режиссері болды. 1929 жылы Қазақ драма театрына қабылданды.
Актерлік қызметімен қатар пьесалар (“Озбыр болыс”, “Зәуре”, “Тартыс”, “Келіншек”, т. б.) жазып, орыс жазушыларының бірнеше пьесасын қазақшаға аударды. 1934 жылы Қазақ музыка театрында (қазіргі Қазақ опера және балет театры) М. Әуезов пен И.В. Коцыктың “Айман — Шолпанында” Арыстанның тұлғасын сахналады.
1936, 1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне белсене қатысты. Б. Төлеген, Тарғын (Е. Г. Брусиловскийдің “Қыз Жібегі” мен “Ер Тарғынында”), Абай (А. Жұбанов пен Л. Хамидидің “Абайында”), Арыстан хан (А. А. Зильбердің “Бекетінде”) сияқты түрлі сипаттағы опералық образдарды сомдады.
Ол Қазақ опера және балет театрының алғашқы режисерлерінің бірі ретінде “Абай” (Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы, 1967), “Қыз Жібек”, “Қамар сұлу”, “Дударай”, “Даиси”, “Евгений Онегин”, “Князь Игорь” операларын сахнаға шығарды.
Көптеген кинофильмдерде ойнап, Жағыпар болыс (“Аманкелдіде”, 1938), Жұрқа Жұрынбаев (“Қыз бен жігітте”, 1954), Итбай болыс (“Ботагөзде”, 1956), т.б. бейнелерді сомдады.
Драматургия саласында да жемісті еңбек етіп, “Беу, қыздар-ай”, “Ой, жігіттер-ай” комедияларының, “Достық жолымен” балетінің және “Айсұлу”, “Алтын таулар” атты опералардың либреттоларын (Қ. Шаңғытбаевпен бірге) жазды. Оның “Құштар көңіл” кітабы қазақ, орыс тілдерінде жарық көрді.