$ 494.87  520.65  4.91

Қаңтар оқиғасы: Талдықорғанда экс-полицейлер сотталды

Экс-полицей Т., департаменттің дәлізінде қолы кісенде тұрған С.-ға арт жағынан жақындап келіп, бел аймағынан бір рет ұрған.

Фото: inform.kz
Фото: inform.kz

Талдықорған сотында Қаңтар оқиғасы кезінде азаматтарды азаптаған экс-полицейлерге сот үкімі шықты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қылмыстық іс барысында 2022 жылдың қаңтарында Алматы облысының полиция қызметкерлері қаңтар оқиғасына қатысты деген күдікпен азамат С.-ны полиция бөлімінің әкімшілік ғимаратына әкелгені анықталған.

Экс-полицей Т., департаменттің дәлізінде қолы кісенде тұрған С.-ға арт жағынан жақындап келіп, бел аймағынан бір рет ұрған.

Іс материалында тағы үш полицейдің 2022 жылдың 7-16 қаңтары аралығында 5 адамды кінәсін мойындату мақсатында оларды қорқытып, сол арқылы моральдық және физикалық зиян келтіргені айтылған.

Сотта бір экс-полицей өзіне тағылған айыпты мойындады, шығынды өтеді. Қалған үш азамат кінәсін мойындамай, соттан өздерін ақтауды сұрады.

Сотталушылар жасаған қылмыстар заң бойынша ауырлығы орташа және ауыр қылмыстар санатына жатқызылған.

Айыпталушылардың айыпталған әрекеттерді жасаудағы кінәсі жәбірленушілерден және куәгерлерден жауап алу, сот сараптамаларының қорытындылары және істің басқа да материалдары арқылы дәлелденеді.

Сот үкімімен Т. ҚК-нің 146-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған ҚК-нің 55-бабының 1-бөлігі талаптардың негізінде 2 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, ҚК-нің 146-бабының 1-бөлігінің санкциясы бас бостандығын айыруға қарағанда неғүрлым женіл жаза түрін көздейді және егер адам мүліктік залалды өз еркімен өтесе, қылмыспен келтірілген моральдық және өзге де зиянды түзесе, орташа қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалмайды, - делінген Талдықорған қалалық сотының хабарламасында.

А. ҚК 146-бабының 1,2,3-тармақтары, ҚК 58-бабының 3, 6-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған 4 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру тағайындалды.

Б. ҚК 146-бабының 2-бөлігінің 1,2,3-тармақтары бойынша кінәлі деп танылды және оған 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Е.ҚК-нің 146-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынған Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаев 10 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Бұрынғы генерал-майорға қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары