22.03.2024, 13:30

Елена Рыбакина Майами WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына өтті

Фото: ҚТФ

Елена Рыбакина төртінші айналымға шығу үшін рейтингіде 74-орындағы америкалық Тэйлор Таунсендпен таласады.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Майами (АҚШ) WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 91-сатыда тұрған даниялық Клара Таусонмен жолығысты.

Осыған дейн қарсыластар бір-ақ рет кездесіп, бес жыл бұрын Бостадта (Швеция) қазақстандық спортшы басым түскен еді.

Бұл жолы бірінші партияда Таусон брейк жасағанымен, Рыбакина ізінше есепті теңестірді – 3:3. Бірақ қазақстандық теннисші қарсыласының қайтадан екі рет брейк жасауына мүмкіндік беріп қойды - 3:6.

Екіншісінде Елена брейкпен алға шықты – 2:0. Бірақ сетке доп бергенде, Таусон брейк жасап кетті – 5:5. Дегенмен Рыбакина екінші мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 7:5.

Үшінші, шешуші партияны спортшылар брейк алмасумен бастады – 1:1. Содан кейін Рыбакина 4:2 есебімен алға кетті. Ақыры өзі доп бергенде, үшінші матчболын пайдалана білді – 6:4.

Екі сағат 27 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Елена 5 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың бесеуін мүлт жібермеді. Қарсыласы 2 эйс, 5 брейкпен (10 брейк-пойнт) көзге түсті.

Елена Рыбакина төртінші айналымға шығу үшін рейтингіде 74-орындағы америкалық Тэйлор Таунсендпен таласады. Ол екінші айналымда әлемнің 28-ракеткасы, бельгиялық Элизе Мертенстен айласын асырды – 6:2, 6:2.

Өткен жылы осы додада Е.Рыбакина финалға дейін жетіп, онда чехиялық Петра Квитовадан 6:7 (14:16), 2:6 есебімен ұтылып қалған еді.