24.03.2024, 23:30

ИГИЛ Мәскеудегі шабуылдың видеосын жариялады

Фото: видеодағы кадрдан алынды

Видеода террористің бірі үндеу жолдап, өз істеріне өкінбейтінін білдірген.

ИГИЛ ұйымымен байланысы бар «Амак» ақпараттық агенттігі «Крокус Сити Холл» концерт орталығына шабуылдың видеосын жариялады. Видео Directorate4 арнасында шықты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Онда жасыл камуфляж киген бірнеше адамның ғимаратқа кіріп, алдына келген адамдарды автоматпен ата бастағаны түсірілген. Содан кейін террористер зардап шеккен бір адамды пышақпен бауыздап жатқанын да түсіріп алған.

Видеода террористің бірі үндеу жолдап, өз істеріне өкінбейтінін білдірген. Оның сөзі арабша субтитрмен берілген.

Айта кетейік, 22 наурыз түні Мәскеу облысының Красногорск қаласындағы Crocus City Hall залында атыс болып, камуфляж киген бірнеше адам «Пикник» тобының концертіне келген көрермендерге оқ жаудырған. Соңғы мәліметтер бойынша «Крокус Сити холлда» қаза тапқандар саны 152-ге жетті. Бұл туралы Ресей тергеу комитеті хабарлады.

Crocus City Hall – 2009 жылы Мәскеу қаласының солтүстік-батысындағы Красногорск қаласында ашылған концерт орталығы.