26.03.2024, 13:20

Екі ай ішінде 2800 этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

Фото: tengrinews.kz

Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды.

Жыл басынан 1-наурызға дейінгі аралықта 2,8 мың этникалық қазақ қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Qazaqstan.kz арнасына сілтеме жасап.

Олардың 49,6%-ы Қытайдан, 31,9%-ы Өзбекстаннан, 6,8%-ы Түрікменстаннан, 6,5%-ы Моңғолиядан, 3,9%-ы Ресейден, 1,3%-ы басқа елдерден келген.

Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.

Бұл өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады: бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258,4 мың теңге) мөлшерінде ақы; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55,3-ден 110,7 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.

Жыл басынан бері 144 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді. Атап айтқанда, 143 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 131,1 мың этникалық қазақ оралған.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылы пилоттық режимде Қазақстан елшіліктері арқылы "бір терезе" қағидаты бойынша қандас мәртебесін беру тетігі іске асырылуда. Пилоттық жоба шеңберінде елімізге бару, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері туралы мәселені шешуге және республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға болады. Бүгінгі таңда этникалық қазақтардан жаңа форматта 6 203 өтініш қабылданды.