Кейбір өлеңдері Е.Г. Брусиловскийдің «Қаракесек», «Ер Тарғын», «Шіркін-ай», «Мәди», «Қыз Жібек» операларында қолданылды.
Мәди Бәпиұлы – ақын, әнші-композитор. 1880 жылы қазіргі Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Жас кезінен-ақ ән айтып, домбыра тартып аты шыққан. Болашақ сазгердің балалық шағы әсем табиғат аясында өтеді. Алғашқы өлеңдерінің тақырыбы туған жер, шетсіз де шексіз кең дала. Әнші әрі дәулескер күйші ретіңде де, ерте танылады. Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай сияқты cаңлақтармен кездесіп, өнеге, тәлім алады.
Қарапайым халықтың құқығын қорғап, әлеуметтік әділетсіздік және теңсіздікті сынағаны үшін биліктің қудалауына ұшыраған. Жалған айыппен түрмеге қамалып, Атбасар, Қарқаралы, Семей, Омбы түрмелерінде отырды. Қамауда отырғанда әділетсіздіктерге күйініп, бостандықты аңсаған «Қаракесек» әнін жазды.
1915 жылы Мәди түрмеден қашып шығады. Бұл кезде оның әндері халыққа тарап кеткен еді. Мәди жөнінде талай аңыздар да айтыла бастаған. Атқамінер жандайшаптардан жасырынып, ұзақ уақыт туған жерге ат ізін сала алмайды. "Шіркін-ай" әні осы кезде туған.
Кейбір өлеңдері Е.Г. Брусиловскийдің «Қаракесек», «Ер Тарғын», «Шіркін-ай», «Мәди», «Қыз Жібек» операларында қолданылды. Мәди шығармалары әлі толық зерттелмеген. Оның шығармаларын А.Қ. Жұбанов, А. Бектасов сынды музыкатанушылар зерттеген. Ә.Әбішевтің «Найзағай» атты романы Мәдидің өміріне арналған.
Атақты әнші-композитор Мәди Бәпиұлы өз шығармаларында бостандықты, адам жанының тереңдігін, қазақ халқының тамаша дәстүрлерін жырға қосады. Кең тынысты, салтанатты, шаттыққа толы оның әңдері күні бүгінге дейін ел аузында. Олар опералардан, сиюталардан, кантаталардан тұрақты орын алды. Композитордың тағдыр-талайынан терең сыр қозғайтын Мәди Бәпиүлының әндері талайларды тебірентумен келеді.