30.03.2024, 06:30

Су тасқыны: Ақтөбе тұрғындарына бірден үш тікұшақ жіберілді

Фото: Алтынай Сағындықова

Жарығы, жылуы, суы жоқ мектепте 350-ден астам адам бар.

Ақтөбе облысының Ойыл ауданы Қаратал (Берсиев) ауылына бірден 3 тікұшақ жіберілді. Жарығы, жылуы, суы жоқ мектепте 350-ден астам адам бар, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ауылға азық-түлік, гигиеналық заттар, киім-кешек пен көрпе-төсек сияқты гуманитарлық көмек тиелген тікұшақтар шықты.

"Шұғыл көмек көрсету және эвакуациялау үшін мамандар бара жатыр. Атап айтқанда, Ми-8 тікұшақтарының бортында Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштері әскери институтының ұшқыштары, медицина қызметкерлері, психологтардан құралған құтқарушылар тобы бар",- деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Мұндағы мектепті 356 адам паналаған. Оның 94-і балалар.