03.04.2024, 16:40

Тіпті қайық пен су етігі жоқ: Депутат Мақсат Толықбай су тасқыны болған өңірлердің мүшкіл жайын ашып айтты

Фото: khabar.kz

Депутаттың айтуынша, комиссия шығынды есептеп, жаңа үйлер салынғанша кемі  4-5 ай уақыт кетеді.

Мәжіліс отырысында депутаты Мақсат Толықбай су тасқынына байланысты Төтенше жағдай министрлігінің жұмысын сынап, Үкіметке бірқатар ұсыныс  айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қазір еліміздің тең жартысы қарғын судың астында қалды. Жылдағы әдет. Көктем келеді, Үкіметтің көп уәдесі көлкіп суға кетеді. «Тасқынға тас-түйін дайынбыз, төтенше жағдай болса, төтеп береміз» делінетін көпірме баяндамалардан көк тиын пайда жоқ.

Топан су мен сел тұрмақ, әлемде цунами мен вулканнан қорғану шараларын қабылдаған елдер бар. Біздің кейбір аудандарда дайын тұруы тиіс қайық пен су етіктің өзі атымен жоқ. Төтенше жағдайлар министрлігінің нормативі орындалмаған. Әкімдік пен министрліктердің арасында байып-баға жоқ. Екіншіден, су саласында білікті маман тапшы. Бір ғана болжаммен ешнәрсе шешілмейді. Гидролог, гидротехниктердің кешенді жұмысын көрмедік. Яғни, ғалымдарға жағдай жасалмай, ешнәрсе түзелмейді деген сөз, - деді мәжілісмен.

Депутаттың айтуынша, комиссия шығынды есептеп, жаңа үйлер салынғанша кемі  4-5 ай уақыт кетеді.

«Осы кезде малмен жан бағып отырған ағайын төрт-түлігін тастап қайда барады? Малы өрісте, өздері аудандағы колледжде жайбарақат жатады дейсіз бе? Ертең ел-жұрттың есін шығаратын тағы бір мәселе бар. Алыстағы ауылдарда суға кеткен кейбір үйлердің әлі күнге дейін құжаты жоқ. Қора-қопсысы мен құлағында сырғасы жоқ малдары туралы айтпай-ақ қояйын. Қазақ ауылдағы қорасына қашан құжат рәсімдетіп еді? Оларды қайтеміз? Далада қала ма?», - деп деді ол Премьер-Министрге жолдаған сауалында.

Сондай-ақ Мақсат Толықбай жергілікті әкімдіктер мен Үкіметтің арасында байланыс жоқ екенін айта келе,  ТЖ режимі  жарияланған өңірлердегі шаруалардың несиелерін төлеуді 3 жылға дейін шегеру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.