04.04.2024, 00:30

Головкин спорт cаласындағы жемқорлыққа қатысты мәлімдеме жасады

Фото: olympic.kz

ҰОК басшысы өзінің жемқорлыққа қатысты өзгермейтін ұстанымын айтты.

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин ҚР жемқорлыққа қарсы Агенттіктің жемқорлық тәуекелдері мен спорт саласындағы ұрлықты жою тақырыбындағы ведомствоаралық жиынына қатысты. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы комиеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасапа хабарлайды.

Жиын барысында тараптар қоғамда сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділікті көрсететін сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелерін талқылап, қатаң шаралар арқылы құқық бұзушылықпен күресуге баса назар аударды.

Сондай-ақ,  спорттағы жүйелі мәселелерді тауып, шешімін табуға баса назар аударылып, спорт саласындағы жемқорлық құқықбұзушылықтар мен ұрлықтардың жасалуына жол бермеу әдістері айтылды. Тек биылдың өзінде 39 жемқорлық қылмысы тіркелді. Жемқорлықтың өршіп, қаржының талан-таражға түсуіне спорттағы цифрландырудың жоқтығы да әсер етіп отыр.

Агенттік атап өткендей, бұл саланың  бюджеті екі есе өсіп, 1,4 трлн теңгеге жеткен. Алайда, әлемдік спорттағы Қазақстанның деңгейі жыл өткен сайын төмендеп барады.

«Қаржыландырудағы диспропорция жемқорлық схемаларына негіз болды. Егер бұқаралық спортта қазір цифрландырылған жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасы жұмыс істеп тұрса, онда жоғары жетістіктер спортында ашық емес және субъективті төлемдер, аз бақылау, аффилирленген қатысушылар, жалған оқу-жаттығулар және қосарланған қаржыландыруға жағдай жасалған», – деп атап өтті Агенттік төрағасы Асхат Жұмағали.

Агенттік талдауларының қорытындысы бойынша осы сала министрлігіне жемқорлық тәуекелдерін жою тұрғысынан ұсынымдар айтылды.

ҰОК басшысы өзінің жемқорлыққа қатысты өзгермейтін ұстанымын айтты.

«Менің ұстанымым біржақты және менің спорттық мансабым да өзгеріссіз қалады – жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастырып, оның кез келген көріністеріне қатаң шаралар қолдану қажет. Бұл тұрғыда Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті спорттағы сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған кез келген іс-шараға, сондай-ақ спорттық жарыстарды манипуляциялауға және оны ұйымдастыруға жол бермейтін кез-келген бастамаға қолдау көрсетеді. ҰОК - мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын қоғамдық ұйым екенін атап өту керек және бұл солай болуы тиіс деп есептеймін. Өз тарапымнан спорттағы сыбайлас жемқорлықпен күресте жан-жақты көмек көрсетуге ниеттімін», - деді Головкин.