ОҚО-ның Сарыағаш ауданының тұрғыны жергілікті «Замана» басылымының редакциясына Зылиха есімді тұрғын телефон соғып, қызының ұрланғанын айтқан, деп хабарлайды Nur.kz.
— 22-шілдеде менің қызымды біреулер көшеде ұрып-соғып, ұрлап әкетіпті. Сұрастырып жүріп, мұны істеген оның бұрынғы жігіті екенін білдік. Сол күні түнде бұл жөнінде полицияға арыз жаздық. Іспен Дәулет деген тергеуші айналысуда. Арада он күндей өтті. Қызымнан хабар жоқ. Тек түнде ғана қызым жеңгесінің үйін¬дегі телефонға хабарласып, «Мені тауып алмасаңдар өлтіріп тастауы мүмкін, далаға да шығармайды, шөлдеп барамын» деп, өзінің қайда екенін білмейтінін, айдаладағы бір үйге қамап қойып, ұрып-соғып, тамақ бермей отырғанын айтыпты, — деп болған жайтты қыздың анасы баяндады.
Сарыағаш ауданының полициясына хабарласқан журналистер жеті күн бұрын жазылған арыздары әлі тіркелмегенін де анықтады. Жоғалған қыздың туыстары қосымша арыз жазуға мәжбүр болған.
Ал Сарыағаш аудандық ішкі істер басқармасындағы қылмысты іздеу бөлімінің басшысы Әлімхан Арзықұлов пен осы істі жүргізіп отырған тергеуші Дәулет Тұрмановқа «арыз бойынша жұмыс жасалып жатқанын» айтты.
Енді жәбірленуші жақ бірінші арыздың полицияда тіркелмегені жөнінде прокуратураға шағымданбақшы.
Бұған дейін Сарыағаш ауданында адам ұрлау бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалып, кінәлілердің сотталғаны белгілі.